Өрттен табиғатты сақтайық

Қазір облыс бойынша күніне 5-6 өрт дала өңірінде орын алуда. Өрт сөндірушілерде тыным жоқ. Бір өңірдегі өрт сөндіріліп жатса, басқа маңнан жаңа өрт қылаң береді. Барлық себеп биылғы күннің ыстығында болып тұр. Кей жерлерде 30-35 температураны былай қойғанда, сынап бағанасы 40 градустан да асты. Тамыздың басынан сонау қыркүйектің аяғына дейін табиғат аясында орын алатын өрттің саны бүгінгі күнге қарағанда 2 есеге ұлғаятындығын жыл сайынғы талдау ақпараттары көрсетіп отыр. Қазір облыстық өртке қарсы қызметінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс күніне көшірілген.
Қоршаған ортада туындаған өрттің себептері де әр түрлі. Оған ең бастысы адамның да кінәраты бар десек артық айтпаймыз. Көкке шыққан азаматтардың жаққан оттарын сөндірмей кеткендерінен, механизатор, малшылардың немесе көлік жүргізушісінің жол жиегіне өшірмей тастай салған темекі тұқылынан өрт шыққан оқиғалар көп. Бұның барлығы да адамзаттың табиғат-Анаға деген немқұрайды көзқарасынан туындайтындығы сөзсіз.
Қоршаған ортада орын алған өрттің зияны да ерекше. Біріншіден, ауа ластанса, келесі кезекте өрттің орманға түсу қаупі артады, мал жайылымын, шабындықты құртады. Биолог ғалымдардың айтуынша, өртенген орманның қалпына келуі үшін кемінде 1 ғасыр керек.
Осы жайттар қазіргі күні ӨҚҚ-н алаңдатуда. Осыған орай көз жетімді жерлердің барлығы автокөлікпен, ал қолжетімсіз жерлердің барлығы орман шаруашылығын қорғаушы мекемесіне қарасты тікұшақпен мамандардың апта сайын облыс аумағын шарлап ұшумен қадағаланып отыр. Барлық мақсат табиғат аясында шыққан жедел өртті анықтап, оны сөндіруге күштерді мерзімді жұмылдыруға арналған.
Құрметті облыс тұрғындары, Жетісу өзінің көрікті табиғатымен, жазиралы даласымен ерекшеленіп, көз тартады. Жер жанатына саналатын өңірімізді өрттен қорғап, отқа абайлық танытуларыңызды сұраймыз.

Қ. Әшімов,
Аудандық ТЖБ инженері