Музей – тарих шежіресі

18 – мамыр Халықаралық музейлер күніне орай

Өткеніміз бен бүгінімізді жалғап тұрған алтын көпір іспеттес, мәдени, рухани мұра орталығы – музей болып табылады. Тарихтың айнасы, халықтың қазынасына айналған – музейдің келер ұрпаққа берері мол.

«Ақ табан шұбырынды, алқа көл сұрама» кезеңіндегі жоңғар шапқыншылығына ұшыраған шақта елі үшін көкірегін қанжарға тосып, оққа төсеп, найза ұшымен, білек күшімен ел-жұртын бұдан екі ғасырдан астам уақыт бұрын сонау Сыр бойынан Жетісу өлкесіне  алып келіп, түпкілікті атамекеніне Жетісу өңірінің шұрайлы жеріне қоныстандырған Ескелді би, Балпық батыр, Қабан жырау бабаларымыздың ататегінің кіндік қаны тамған, табаны тиген, өшпес ізі қалған құтты мекені, бүгінде өсіп-өркендеген ұрпақтарының туған жері, жер жаннаты Жетісудың төскейінен қоныстанған Ескелді ауданы, бұрынғы Шұбар, қазіргі  Алдабергенов ауылында орналасқан — Нұрмолда Алдабергеновтың мемориалды музейі адамзат тарихындағы алатын орны ерекше.

Колхоз құрылысының көрнекті қайраткері, халықтың игілігі үшін ауыл бейнесін қалаға теңестіру мақсатындағы көрегендігі мен қайраткерлігі аңызға айналған тұлға, дала академигі, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың құрметіне ашылған музей – Еңбек Ерлері мен батырлар шыққан ауыл тарихын қамтитын рухани орталық.

Н.Алдабергеновтың мемориалды музейі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1986 жылы 18 тамыз күні №236-р Жарлығымен КСР Мәдениет Министрлігінің 12 қыркүйек күні  №275 бұйрығымен құрылды. Екі қабатты музей ғимараты жалпы 12 залдан тұрады, оның ішінде 9 залына Н. Алдабергеновтың өмірі мен еңбек жолы және колхоз тарихынан сыр шертетін экспонаттар қойылып, көпшілік назарына ұсынылған. Экспозициялардың үлкен бөлігінің бірі ортақ тақырыпқа –   Н. Алдабергеновтың өмірбаяны мен еңбек жолына арналады Музейдің экспозициялық бөлмелері бірнеше бөлімнен тұрады және   экспозициясына Н. Алдабергеновтың өмірі мен еңбек жолы және тұтынған бұйымдары сондай-ақ,  колхоз тарихынан сыр шертетін экспонаттар қойылып, келушілердің назарына ұсынылған.

Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінің экспозициясы қазақ елінің дала академигі, Қазақстандағы колхоз құрылысының көрнекті қайраткері, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Алдабергеновтың есімі  даналықпен, іскерлікпен даңқын Алатаудай аспандатқан еңбек адамының елі мен жерін ерекше қадірлеп сүйген ерен ердің, халықтың игілігі үшін ауыл бейнесін қалаға теңестіру мақсатындағы көрегендігі мен қайраткерлігі, аңызға айналған ұлан байтақ істері, ұлағаттары, ұстамдары, замандастарымен қарым-қатынасы тұрғысындағы үлгі тұтарлық ізгілікті ізденістері, ғибратты ғұмыры,  ұйымдастырған шаруашылықтың алғашқы кезеңінен бастап, бүгінгі тыныс-тіршілігі түгелдей сипатталып, еңбекқор замандастарының есімдері құрметпен аталып, олардың шаруашылықты өркендетуге қосқан үлестері музей экспозициясында толықтай қамтылған

Музей қызметкерлері өлке тарихын кеңінен насихаттап, жұртшылыққа танытып, халықтың эстеттикалық талғамын, рухани мәдениетін ұштау мақсатында жұмысын атқаруда.

Музей жұмысының басты бағыттарының бірі бұл- ғылыми-зерттеу және жинастыру жұмыстары болып табылады, яғни музей қорын толықтырып отыру. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Рухани қазына» кіші бағдарламасын іске асыру аясында жыл сайын музей қызметкерлері дәстүрге айналдырған «Музейге жәдігер сыйла» акциясын ұйымдастырып отырады. Қазіргі таңда музей қорында бес мыңнан астам жәдігер сақталуда. Қордағы рухани құндылықтар негізінде әрдайым тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады және өз тарапынан жинақтау, сақтау, көрме ұйымдастыру жұмыстарымен шектеліп қана қоймай, сонымен бірге музей қорын насихаттау және көркемсурет мәдениеті жайлы тұрғындарды кеңінен таныстыру мақсатында ағартушылық жұмыстарын жүргізуді өз алдына мақсат етіп қойған. Сонымен қатар  Н.Алдабергеновтың еңбек жолын кеңінен насихаттай отырып, қоғамдық санада ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында еңбегімен ел құрметіне бөленген Еңбек Ерлеріне, Ұлы Отан соғысы және тыл еңбек ардагерлері  мен  тарихи тұлғалар туралы музей деректерін қолданып,  тақырыптық және шолу экскурсиялар, кездесу кештер, аса бай иллюстриативтік материалдарды пайдалана отырып лекциялар  өткізіліп, сондай –ақ музей қорындағы  көне жәдігерлер туралы  көпшілікті таныстыру мақсатында «Бір экспонат сыры» айдарында  құнды жәдігерлер тарихы насихатталып әлеуметтік желіге жарияланып отыр.

Қазіргі таңда  музейлердің алдында болашақ үшін мәдени мұраны сақтау және мәнді құндылықтарды замандастар үшін көрсету, насихаттау мәселелері тұр. Мәдени құнды көне заттарды көрсету, жалпы адамзаттық мәнін ашу арқылы музейге келушілердің адамгершілік, рухани өсуіне әсер ету. Ағарту мақсаттарын әрбір музей өз саласына сай музейлік орта жағдайында іске асыруда.

Г.Шаймуханбетова,

Н.Алдабергеновтың

мемориалды музейінің меңгерушісі