Сөйлеу тілінің тежелуі дегеніміз-ауызша сөйлеуді меңгерудің жас нормасымен салыстырғанда кешігуін айтамыз. Бұл аңғарым әдетте 3 жасқа дейінгі балаларға қойылады, кей жағдайларда 4 жасқа дейінгі балаларда кездесіп жатады. Ал, 4 жастан кейін баланың даму деңгейіне байланысты қойылады.
Сөйлеу тілінің тежелуі деп баланың сөйлеу тілі жасына сай келмеуін айтады. Мысалы 3 жастағы (қалыпты) баланың сөйлеу қорында 800-1500 сөз қоры болуы керек. Балалардың сөйлеу тілі нормаға сай келмесе, яғни бала сөздерді жеке-жеке сөйлесе, ым-ишара (жест) қолданса, баланы бірінші кезекте невропатолог дәрігеріне көрсету маңызды. Себебі баланың неврологиялық бұзылыстарын тексере отырып мамандар аңғарым (диагноз) қояды. Жалпы біз «ЗРР- Сөйлеу тілінің тежелуі», «ЗПРР- Сөйлеу тілі мен танымдық қабілетінің тежелуі», «ЗПР- Психикалық дамуының тежелуі» деген аңғарымдарды жиі естиміз.
Сөйлеу тілінің тежелуі – қыз балаларға қарағанда ұл балаларда жиі кездеседі. Балада сөйлеу тілінің тежелуін ерте жастан-ақ анықтауға болады. Мысалы: 2 жастан асқанда екі сөзден тұратын сөз тіркесінің болмауы, ( мама бер, тамақ жеймін, дала барам) деген сияқты. Ал 3 жаста сөздік қорының аз болуы, жеткіліксіз айтылуы, өз қалауын, өз ойын сөйлеу арқылы жеткізе алмауы арқылы анықталады. Көбіне ата-аналар балаларының сөйлеу тілі артта қалғанын байқаса да ақылы толғанда сөйлеп кетеді, мінезі салмақты болғандықтан, әкесі кеш сөйлеген деп жеңіл қарайды. Соның салдарынан көп уақыт жоғалтып алатыны да рас. Егер ата-аналары балада сөйлеу тілінің тежелуін байқай отырып дер кезінде түзету жұмыстары жүргізілмесе, екіншілік кемістіктің пайда болуына әкеліп соқтырады. Мысалы: баланың сөздік қоры аз, шектеулі болғандықтан, ол қарым-қатынасқа (ойнау, өз ойын жеткізу) түспегендіктен мінез-құлықтың өзгеруі, ойлау, есте сақтау қабілетінің артта қалуын тудыруы мүмкін. Сол үшін баланы тексеру барысында қателеспеу үшін арнайы (невропатолог, психолог, дефектолог, логопед) мамандарынан өткен дұрыс шешім болып табылады.
Қалыпты жағдайдағы баланың сөйлеу тілінің даму деңгейі төмендегідей болмақ;
-2-4 айлық кезінде гуілдей бастайды;
-4-6 айда былдырлай бастайды;
-6-9 айында екі буын шығарады «ма-ма», «ба-ба», «да-да».
-Қыз балада 9-10 айында алғашқы сөздері пайда болады, ұл балаларда 11-12 айында басталады.
-1 жастан бастап оншақты жәй сөздері болуы керек (мама, папа, ата, апа) және жақсы түсініп, ажырата алуы керек.
-15 айдан 2 жас аралығында бала саналы түрде (бер, мә, ал т.с.с.) сөздерді түсініп, айта алуы керек.
-2 жастан екі-үш сөзді құрап, сөйлей алуы керек (мама су бер; мен дала барам). Сөздік қорында 200-ден аса сөз болуы керек.
-3 жастан бастап күрделі сөйлемді құрастырады, өз ойын жеткізе алады. Тақпақ, өлеңдерді еліктеп жаттай алады. Сөздік қоры кем дегенде 800-1500 сөз болуы керек.
-4 жаста 1500-ден аса сөз қоры болу және белгілі ойды білдіретін сөйлем құрай алуы керек.
Қорыта келгенде баланың дамуына ерте жастан мән берген ата-ананың өз баласының болашағынан үміті зор болмақ. Бүгінгі бала- ертеңгі ұлт болашағы. Болашағымыз жарқын, келешек ұрпақ кемел болғай!
Г.Т. Ногайбекова-Оракбаева, мұғалім-логопед
«Жетісу облысының білім басқармасы» мемлекеттік
мекемесінің Ескелді ауданының №12 психологиялық-педагогикалық
түзеу кабинеті, Қарабұлақ ауылы.