ТАУДА ТАМШЫЛАҒАН ТАМШЫБҰЛАҚ

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – болашаққа тың серпін, жаңаша көзқарастарға бағытталған ұлттық идеяларға толы. «Рухани жаңғырудың» жалғасы болып табылатын бұл Жолдауда мәдениетімізге, тарихи ескерткіштерге, ел-жерге ерекше көңіл бөлінген.
Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Біздің мақсатымыз – айқын. Ол – әлемдегі дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу. Ол үшін оқушыларымыздың бойына өз елін, жерін, ата-бабаларымыздан мирас болып алған тарихи орындарды көздің қарашығындай сақтау. Т.Рүстембеков атындағы орта мектептің оқушылары мектеп ұжымының ұйымдастыруымен, мектеп директорының қатысуымен қазан айында киелі Тамшыбұлақ жеріне саяхатқа барды. 47 оқушымен бірге сынып жетекшілер М.Байбатшаева, А.Көмекбаева, А.Мансұрова қасиетті бастау саналатын Тамшыбұлақ жеріне саяхат жасады.
Қапалдың бір жауһары – Тамшыбұлақ күн сәулесіне құбылған тамшылары бірін-бірі сүйген сұлтанның қызы мен мал баққан жалшы ұлының көз жасы екен. Сұлтанның қызы Баян әр түн сайын осы қасиетті Тамшыбұлақтың шипалы суына келіп, басындағы ауыр халін айтып жылаған. Мөлдіреп тұрған тамшылар – Баян қыздың көз жасы-мыс.1859-1865жылдары Жетісуды аралаған ұлы саяхатшы, этнограф Шоқан Уәлиханов жергілікті халықтың аузынан осындай аңыз естіп, хатқа түсірген екен. Тамшыбұлақ топырағына Шоқан салған ізбен П.Семенов-Тянь-Шяньский, Н.Абрамов, А.Голубев сияқты орыс өлке-танушылары келіп, табиғаттың тылсым күшіне сиынып кеткен.
Ел аузында жарқабақтан аққан судың емдік шипасы туралы түрлі әңгіме бар. Қыстың көзі қырауда да қатпай тамып тұратын мөлдір тамшыда көз, асқазан, сүйек, буын, жүйке ауруларына дәрі болып, дем беретін қасиеті бар дейді. Ал жарды қаптаған жұқа балдыр қол-аяғы қақсаған, буыны сыздаған, сүйегі сырқыраған жандарға ең қажетті ем-дом дейді. Жанына шипа іздеген адамдар қыс, жаз демей, осы Тамшыбұлаққа келіп ем алуда.
Ең қызығы, Тамшыбұлақтың аты көне Еуропа жұртына да мәлім екен. Әсіресе, Ұлыбританияда қазақтың кең даласы мен тұманды Альбион алабының арасын байланыстыратын жазба деректерді алғашқы болып саяхатшы, жазушы Томас Аткинсон тасқа басып қалдырғаны тарихтан мәлім. Ең ғажабы Томастың тұңғыш баласы осы Тамшыбұлақ округінде дүниеге келген. Балаларының аттарын Алатау – Тамшыбұлақ деп қойған. Қазір олардан тараған балалар Америка мен Ұлыбританияда тұрады. Кіндік қандары тамған өлкеге тәу етіп келу Аткинсондар әулетінің қасиетті борышы сияқты.
Міне, біз саяхатқа барған Тамшыбұлақтың қысқаша тарихы осындай. Саяхат барысында оқушылардың көңіл-күйі жақсы болды.Тарихи орындарға барып, өз көзімен көрген Жетісу жерінің кереметіне сүйсінбеген оқушы жоқ. «Ата қоныс — алтын мекен» деп дана халқымыз айтқандай, сырға толы тарихи орындарға барып, оқушылардың бойына туған жерге деген сүйіспеншілігін оятуымыз қажет деген ойдамын. Мұндай саяхат оқушылардың есінде жақсы естеліктермен мәңгілікке сақталмақ.
М. БАЙБАТШАЕВА.