мемлекеттік қызметке — 20 жыл

Әрбір мемлекеттің дамуына мемлекеттік қызметкердің қосар үлесі мен салмағы ерекше екені даусыз. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен мемлекетті қалыптастыру бағытында ауқымды істер атқарылды. Елбасымыз «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жолындағы біздің ауқымды қадамымыз. Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік реформа жүргізілді, үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Біз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар – бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет», – деп мемлекеттік қызметтің маңыздылығы жөнінде ерекше тоқталған болатын.

Ұлттың қызметшісі

Биылғы 20 жылдық атаулы мереке мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесін асырып, сала мамандарына деген сенім мен құрметтің артуына жағдай жасайды десек, қателеспеспіз. Мерейлі күнге орай, осы жолда адал қызмет етіп келе жатқан бірқатар мемлекеттік қызметкерлердің еңбектерін айтпай кету мүмкін емес. Ескелді ауданында он жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан сондай азаматтардың бірі – Шариф ТЕМІРҒАЛИЕВ.
Шариф Құрбанғалиұлы 2006 жылы «Жетісу» институтын қаржы құқығы мамандығы бойынша тәмамдаған. Жоғарғы оқу орнын оқып жүрген жылдары Талдықорған қаласындағы «Механомонтаж» ААҚ-ның монтажшысы болып жұмыс істейді. Оқу бітіре салысымен 2014 жылға дейін Ескелді ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің жетекші маманының міндетін атқарушы, жалпы бөлімнің жетекші маманы және сол бөлімшенің бас маманы қызметтерін атқарады. 2014 жылдан 2015 жылға дейін аудан әкімі аппаратының жалпы және қаржы шаруашылық бөлімшесінің бас маманы, 2015 жылдан 2016 жылға дейін аудан әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметі бөлімшесінің басшысы болып еңбек етеді. 2016 жылдан осы күнге дейін ұйымдастыру, мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы болып жемісті еңбек етуде.
Оның Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстары ауданымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Жүзеге асырып жатқан шаралары жұмыс тиімділігін арттырып жүр. Оған оның облыс пен аудан әкімдерінен марапаттаған Алғыс хаттары дәлел бола алады.