«Билігі мықты елдің – тірлігі құтты» демекші, өз саласында жемісті еңбек етіп, өз ұжымын алға жетелеген нәзік жандылардың бірі – Райхан АҒЫБАЕВА. Райхан Байдүйсенқызы Жетісу ауылының тумасы. Ол мемлекеттік қызметте отыз бес жылға жуық қызмет етіп келеді.
1979 жылы Жетісу орта мектебін аяқтап, 1979 жылы Талдықорған заң техникуміне түседі. 1981 жылы осы техникумды заңгер мамандығы бойынша аяқтап, бірден Қоңыр ауылдық округінде хатшылық қызметті атқарады. Одан іс жүргізуші, яғни азаматтық хал актілерін тіркеп, жаңадан туған жас нәрестелерге туу туралы куәліктерін дайындап, ауыл жастарын некеге отырғызу мен әскери есеп столының жұмыстарын дайындап, қызметтерін адал атқарады. 1997 жылы Қоңыр ауылдық округі әкімінің салық жөніндегі маманы болып тағайындалады. 2002 жылы білімін жетілдіру мақсатында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне сырттай түседі. Аталған жоғарғы оқу орнын 2006 жылы құқықтану мамандығы бойынша бітіріп шығады. Сол жылдан бүгінге дейін ауыл округі әкімінің салық жөніндегі бас маманы қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар, қосымша ауылдық округі әкімінің тапсыруымен ауылдағы аз қамтамасыз етілгендерге жәрдемақыға құжаттарын өткізу, ауыл тұрғындарын ақылы қоғамдық жұмысқа тарту, кәсіби оқуға жіберу, көпбалалы ана-ларды «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» марапаттарына құжаттарын жинап, ұсынып, кәсіподақ ұйымымен бірлесіп жұмыстар жүргізіп келеді. Оған қоса кәсіподақ ұйымының төрайымы болып та қызмет атқарады.
Осы уақытқа дейін Райхан Ағыбаеваның еңбектері еленіп, Қазақ-стан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Алғыс хатымен және Ескелді ауданы әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Райхан Байдүйсенқызы жергілікті жердің өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, аяулы жар, асыл ана атанып, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Жұмысымен қоса үш немересін бағып-қағып, аяулы әже де атанып үлгерді. Райхан апайымыздың өнегелі өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа да жұғысты болсын деп тілейміз.