МӘРТЕБЕЛІ МҰҒАЛІМДЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Биыл ұстаздар мейрамы ерекше сән-салтанатпен мерекеленді. Шуақты шарада бас-аяғы 70 мәртебелі мұғалім алғыс хатпен, ал мектепке дейінгі мекемелер, негізгі және орта мектептер ақшалай сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар, арадагер ұстаздар арнайы шақырылып, оларға сый-құрмет көрсетілді.
Салтанатты шара барысында аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев барша аудан ұстаздарын мерекемен құттықтап, олардың білім саласын дамытуға қосқан үлесі мен ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.
2018-2019 оқу жылының оқыту-тәрбие ісі жұмыстарының рейтинг қорытындысы бойынша мектепке дейінгі мекемелер арасында І орынды «Балдырған» балабақшасы (60 мың теңге), ІІ орынды «Айкүн» балабақшасы (50 мың теңге) және ІІІ орынды «Балапан» балабақшасы (40 мың теңге) иеленді.
Ал негізгі орта мектептер арасында І орынды Мелькомбинат негізгі орта мектебі (100 мың теңге), ІІ орынды Мичурин негізгі орта мектебі (80 мың теңге), ІІІ орынды Жастар негізгі орта мектебі (50 мың теңге) иеленді.
Орта мектептер арасында І орынға, яғни үздік деп Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясы (200 мың теңге) танылып, ІІ орынды Н.Алдабергенов атындағы (120 мың теңге) және Ж.Жақыпбаев атындағы орта мектептері (100 мың теңге) иеленді.
Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен көп жылғы еңбегі және білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін Е.Қопабаев, Қ.Есдәулетов, Б.Исанова, С.Кәлпебаева, Ш.Оспанова, К.Сағымбаева және Б.Мұхаметжанова марапатталды. Облыстың, ауданның білім беру жүйесін дамытудағы еңбегі үшін Алматы облысы әкімінің алғыс хатымен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, республикалық кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және алғыс хатымен бас-аяғы 70-ке жуық ұстаздар марапатталды.
Еліміздің болашағы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеп жүрген ұстаздарға ауданның кәсіподақ ұйымы демеушілік танытып, балабақшаның бүлдіршіндері мен мектеп оқушылары және Мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама қойды.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.