«ӨМІРБҰЛАҚ» — МАХАББАТ ЕСКЕРТКІШІ

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер… Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай, өлкеміздің бірқатар белгілі азаматтары өздерінің туып-өскен жерлеріне игілікті істер жасауды қолға алғаны көңіл қуантады. Сондай бір жайдарман жаңалық өткен жұма күні Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылының іргесінде өткізілді.
Кезінде арлы-берлі қатынаған жолаушылардың ат басын бұрып, дамылдап, қайнардың салқын суымен шөлдерін басатын жол үстіндегі шағын саябақ үлгісіндегі тынығу орны болған жерден «Өмірбұлақ» атты махаббат ескерткіші ашылды. Оның бой көтеруіне Қонаев атындағы заң академиясының ректоры Өмірәлі Шәкарапұлы Жалаири тікелей мұрындық болған.
Бұл махаббат ескерткішінің осы жерге орнатылуының да өзіндік сыры бар екенін Өмірәлі Шәкарапұлы іс-шараның ресми түрде ашылуына байланысты салтанатты жиында сөйлеген сөзінде айтып берді:
– Мен зайыбым Кәшипа екеуміз де Жетісу ауылының орта мектебінде оқығанбыз. Екеуміз тұңғыш рет осы бұлақ басында танысып, кейіннен дәм-тұзымыз жарасып, шаңырақ көтердік. Ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырып, немерелердің қызығын көріп отырмыз. Міне, екеуміздің отау құрғанымызға табаны күректей елу жыл толып отыр. Жартығасырлық мерейтойымыздың құрметіне осы махаббат ескерткішін орнатып отырмыз. Ондағы мақсатымыз осы тас мүсіндер мәңгілік махаббаттың символы ретінде осында келіп тәу еткен, жас жұбайлардың да махаббаттарының берік болуына ықпал етіп, біздің жолымызды берсін дейміз, – деп ағынан жарылды.
Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсенбинов өз сөзінде игі іске арқау болған меценат Өмірәлі Шәкарапұлына алғыс айтып, алдағы уақытта да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүйелі істер атқарылатынына сенімі зор екенін білдірді. Қазақстанның белгілі қаламгері, ақын Шөмішбай Сариев елу жылдық мерейтойға және бүгінгі ашылып отырған махаббат ескерткішіне арнап жазылған сиясы кеппеген өлеңін жұртшылық алдында оқып берді. Жұртшылық махаббат тақырыбында көрсетілген сахналандырылған көріністерді тамашалап, дән риза болды.
Тас мүсіндердің жамылғысы сыпырылып, жиналғандар сүйсіне тамашалай бастады. Солардың қатарында жаңа өмірге аяқ басып, отау құрғалы тұрған 2 жұп та осы махаббат ескерткішінің жанына келіп, қуанышты сәттің куәсі болды. Жас жұбайларға мерейтой иелерінің атынан шағын сыйлықтар табысталды.
Алтын тойдың куәсі болып, «Өмірбұлақ» стелласының ашылу салтанатын көруге облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, облыстық Мәдениет сарайының директоры Әли Алпысбаев, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу аудандарының, Текелі қаласының әкімдері, Қазақстанның бір топ танымал өнер қайраткерлері – ақындар, әртістер қатысты.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.