БАБАЛАРДЫҢ ЕРЛІГІ — ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ

ДАРХАН даламыздың дара кемеңгері Балпық би бабамыз-дың туылғанына биыл 325 жыл толып отыр. Жалайыр елінің көсемі атанып, әділдіктің тура жолымен жүрген Балпық бидің тарихта алар орны ерекше. Халық арасында Балпық би айтты деген шешендік сөздер кеңінен тараған. Атамыз кез келген дау-дамайда халықты ауызбірлікке шақырып, елінің тыныштығын сақтап отырған. Өз заманында даралығымен, шешендік өнерімен танылған Балпық атамыздың құрметіне арналып облыс көлемінде көптеген игі шаралар ұйымдастырылуда.
Осы орайда, жақында аудандық Мәдениет үйінде Балпық би бабамыздың 325 жылдығына орай облыстық ардагерлер хорының қатысуымен «Бабалардың ерлігі – тәуелсіздік тірегі» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Аудан тұрғындары бабамыздың құрметіне арналған концерттік кешке қатысып, музыка өнерінің әсем әуеніне тереңірек бойлады.
Тағылымы мол шараның барысында аудан әкімі Рауан Рақымбеков ардагерлер хорына алғыс хат пен гүл шоғын табыстады. Сондай-ақ, ардагерлер хоры Рауан Тұрданғазыұлына желкенді кеменің суреті бар үлкен картинаны сыйға тартты.
Алима МҰРАТҚЫЗЫ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.