ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ ЖАҚСЫ

Бүгінде балаларды заман көшіне лайықты етіп тәрбиелеуде, заманауи тұрғыдан білім беруде, жаһандық қоғамның сұранысы мен талабына сай бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда ұстаздардың алатын орны ерекше. Сондықтан да бүгінгі ұстаз – заманауи қоғамның белді мүшесі, елдің айнасы, болашақты қалаушы басты тұлға.
Осы ретте Тұңғыш Президент Н. Назарбаев мен қазіргі Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өздерінің Жолдауларында білім мен ғылымға көңіл бөлу, ұстаз мәртебесін көтеру туралы айтқан кемел ойы еліміздегі ұстаздар қауымы үшін үлкен қолдау болды. Әсіресе, алдағы жылдары ұстаздардың жалақысы екі есе өсетіні олардың мерейін тасытып қана қоймай, жұмыстарына серпін берді. Себебі, ұстазды қолдау – елдің мерейі, ұлттың мақтанышы.
Туған топырағына еңбегі сіңген ұстаздарды ел алдында мақтап-мадақтау олардың мерейін бір қадам алға жылжыту деген сөз емес пе? Көптеген жылдар бойы киелі Ескелді ауданында ұстаздық борышын адал атқарып жүрген білікті мамандар көп. Солардың бірі емес, бірегейі – Зейнегүл Ғалымбекқызы Жетпісбаева. Оның алдынан өткен шәкірттердің барлығы белді қызмет атқарып жүр. Ұстаз біліктілігі осыдан-ақ көрініп тұр.
Ескелді ауданының Алдабергенов ауылдық округінде (бұрынғы Шұбар ауылында) дүниеге келген Зейнегүл Жетпісбаева М. Байысов атындағы орта мектеп-гимназиясының түлегі. 1978-1982 жылдар аралығында Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетінде математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқыды. Еңбек жолын Жаңалық тоғызжылдық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Ал 1990 жылдан бері бүгінгі күнге дейін Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясында мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болып қызмет жасап келеді. Аудан, тіптен облыс бойынша түрлі жарыстар мен сайыстарда мектеп-гимназияның жүлделі орын алып жүруі – Зейнегүл апайымыздың да үлесі.
Ал мерейлі ұстаздың өз жетістіктері бір төбе. Зейнегүл Ғалымбекқызы 1996 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2013 жылы Алматы облысының Білім басқармасының Құрмет грамотасымен және 2015 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. Бұдан басқа аудан, облыс және республика көлемінде алған алғыс хаттарын санауға саусақ жетпес.
Оқушылары да ұстаздарының жолынан нәр алып, олимпиадалар мен ғылыми конференциялардан жүлделі орынсыз қайтпайды. Тіптен «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге түскен шәкірттері дүние жүзінің бір бөлігінде білім алуда.
Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген нақыл сөз бар. Осы сөзге әбден лайық Зейнегүл Ғалымбекқызының еңбегі білім беру саласында алтын әріптермен жазылатынына сенеміз.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.