«ЖАС КӘСІПКЕР» ЖОБАСЫ СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ

Жастар жылына орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Жас кәсіпкер» жобасы қолға алынды.
Бұл жобаға еліміздің жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 18-29 жас аралағындағы жастар қатысуға мүмкіндік алды. Осы жоба аясында Ескелді ауданында 62 жас «Жас кәсіпкер» жобасының қатысушысы атанып, оның ішінде 58-і өз бизнес жоспарларын сәтті қорғап шықты.
Оқу аяқталғаннан кейін сертификаттарға ие болған жастар өз кәсіптерін бастау үшін аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы берілетін 200 айлық есептік көрсеткіш (505 000 теңге) мөлшеріндегі қайтарымсыз қаражатқа ие бола алады. Сонымен бірге, сертификат арқылы қаржылық институттардан 6 пайыз жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік алды.
Оқу барысында бизнес-жаттықтырушы Ж.Супабеков жобаға қатысушы жастарға салық түрлері және бизнес идеяны таңдау, қаржылық сауаттылық, бизнесті құқықтық сүйемелдеу, бизнес жоспар әзірлеу мен көпшілік алдында сөз сөйлеу тәсілдері туралы ақпараттар берді.
Жастарға жігер мен шабыт беру мақсатында Ескелді ауда-нының «Жас кәсіпкер» түлектеріне аудан әкімі Рауан Рақымбеков жобаны сәтті аяқтаған жастарға сертификаттарды табыстады. Бұл өз кезегінде аудан жастары үшін өз кәсіптерін бастауға септігін тигізді. Аудан әкімі «Жас кәсіпкер» жобасына қатысушы жастарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдауға дайын екендігін және кез келген әріптестік қарым-қатынас орнатуға қолдау білдіретінін жеткізді.
Сонымен бірге, аудан әкімі Р.Рақымбеков және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры А.Тайжанов «Жас кәсіпкер» жобасына қатысушы-ларға алдағы уақытта бірлесе қолдау көрсету жайында пікір алмасты.
Жандос СУПАБЕКОВ,
бизнес-жаттықтырушы.