МЕЛЬКОМБИНАТТА СПОРТ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

«Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы бекітілген кезден бастап елді мекендерде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында Мелькомбинат елді мекенінде жаңа спорт алаңының ашылуы өтті.
Ескелді аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қалабек Тастанбаев Мелькомбинат спорт алаңын салтанатты түрде ашып, ауыл тұрғындарына жылы лебізін білдірді. Бұл – елді мекен тұрғындарының көптен күткен қуанышы. Өйткені, спорт алаңы осы елді мекенде алғаш рет ашылып отыр.
Алаңның құрылыс жұмыстарына аудан әкімі Рауан Рақымбеков назар аударып, құрылыстың сапасына мән беріп отырған болатын.
Бұл спорт алаңына мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі бойынша «Палладиум» ЖШС-мен келісім жасалды. Осы спорт алаңының құрылысына 21 млн. 122 теңге жұмсалды. Спорт алаңы 3 түрлі алаңнан тұрады. Біріншісі – балалар ойнайтын алаң, екіншісі – жасанды жабынмен жабдықталған футбол алаңы, үшіншісі – көше тренажері.
Енді осы спорт алаңында жас өрендеріміз бен елді мекен тұрғындары уақыттарын тиімді пайдалана отырып, алаңды бүлдірмей бағалай білу – біздің адамдық борышымыз.
Ажар САДАН.