МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОР ІССАПАРМЕН КЕЛДІ

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің бас мемлекеттік инспекторы Қуаныш Асылов Ескелді ауданына іссапармен келді.
Аудан әкімі Рауан Тұрданғазыұлы, аудан әкімінің орынбасарлары және бірқатар бөлім басшылары мемлекеттік инспекторды Қарабұлақ ауылында салынып жатқан жылу жүйесін бағамдайтын жылу трассасының жұмыстарымен таныстырудан бастады. Жылу жүйесін және жылу трассасына жауапты мердігер компаниясының жұмысшылары атқарылып жатқан құрылыстың жоспар легімен таныстырды. Өз кезегінде Қуаныш Жұмабекұлы жұмыстардың сапасына үлкен мән беруді тапсырды.
Келесі кезекте жылыту маусымына дайындықты тексеру мақсатында Қуаныш Жұмабекұлы аудандық жылу жүйесі қазандығының жай-күйімен танысты. Әлеуметтік маңызы зор нысандардың қыс мезгіліне дайындығы мен қауіпсіздік шараларының уақытылы орындалу қажеттігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Қуаныш Асылов жұмыс сапары барысында Титов атындағы орта мектебіне ат басын бұрды. Мектеп директоры Әбдікәрім Қаймулдинов та мектептің қыс мезгіліне дайындығын таныстырып, мектеп ішіндегі сыныптарды аралатты.
Мемлекеттік инспектор ауданның жылыту маусымының дайындығына көңілі толатындығын білдіріп, осындай қарқынмен жұмыс істеу керектігін жауапты мамандарға тағы бір мәрте тапсырды.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.