ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ — ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

«Халықтың мәңгі ғұмыры оның тілінде, әрбір тіл өзінің халқы үшін Ұлы» деп Шыңғыс Айтматов айтқандай, тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым.
Осы орайда, биылғы оқу жылының алғашқы аптасында, яғни 5-қыркүйек Қазақстан халық тілдерінің мерекесіне орай Абай атындағы орта мектептің 10-11 сынып оқушылары арасында «Мемлекеттік тіл – ортақ қазына» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Бұл іс-шараның мақсаты мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыруды патриоттық сезімін оятып, тілін, Отанын, елін, жерін сүюге, салт-дәстүрін, тарихын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылды.
Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты басымдығы болып қала береді. Мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі қоғамымызда жастардың белсенділігі жоғары. Жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын. Сол себептен қазіргі таңда мектебімізде өзге ұлт балалары да білім алуда.
Мен, тіл маманы ретінде өзге ұлт балаларының білім алуы көңілімізге қуаныш ұялайтынын жасырмаймын. Дөңгелек үстел басындағы құнды пікірлерді тыңдағанымда қуанышым еселенгендей болды. Жастарымыздың тілге деген көзқарасы, қолданыс өрісінің кеңдігі байқалды. Бұл – біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің асқақтағаны. Осы уақытқа дейін барлық мүмкін болар оңды-солды жағдайды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі деп білемін.
Ғ.Мүсірепов айтқандай «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті екенін айтып өткен. Сонымен бірге әр ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге талпынуы қуантатын жағдай.
Б. МҰХАМЕТЖАНОВА,
Абай атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.