«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫ

Жыл сайын дәстүрлі түрде аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету мақсатымен өткізілетін «Мектепке жол» қамқорлық, қайырымдылық акциясы аясында Ақын Сара ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінде арнайы жоспар құрылып, комиссия мүшелері бекітіліп, бұйрық шығарылды.
Арнайы құрылған комиссия мүшелері бірнеше рет отырыс ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі деген балалардың тізімдері алынды. Осы шара кезінде балалардың мектепке алаңсыз келуіне қолдау көрсетуді мақсат ете отырып, бірнеше рет қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Игілікті шараға атсалысқан жылы жүректі жандарды атап айтатын болсақ, ауыл имамы Қуат Тұысбаев 6 оқушыға мектеп формасын алып берсе, ауылдық УПИ полиция капитаны Мейір Ескендіров 2 қыз балаға мектеп формасын алып, балаларға өз көмегін көрсетті. АӨК «Қапал» шаруашылық қожалығы 5 оқушыны мектеп сөмкесімен, 2 оқушыны киіммен қамтамасыз етті. Талдықорған — Өскемен тас жолын салып жатқан «СITY CONSTRUCTION» компаниясы 200 (екі жүз мың) теңге көлемінде 20 оқушыға мектеп құрал-жабдықтарымен және 200 (екі жүз мың) теңгені қаржылай, сонда әр балаға 10 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріп, өз көмектерін көрсетіп, балаларды шаттыққа бөледі.
Адамның ең асыл қасиетінің бірі – жақсылық жасай білуі. Жақсылық пен игілікті іс жасау – үлкен адамгершіліктің белгісі. Басқа адамдарға көмек көрсетіп жүрген көптеген абзал азаматтар бар. Егер адам басқаларға жақсылық жасап, қиын кезде көмек қолын созса, ол да оған жанашырлық танытады. Сондықтан, аталмыш шараға қатысып, өздерінің демеушіліктерін көрсетіп жатқан азаматтарға алғысымыз шексіз. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының жұмысы әлі жалғасын табады.
Гүлзира ДӘРМЕНБЕКОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары.