ТІЛІМДЕ МЕНІҢ СЫРЫ ТЕРЕҢ ЖАНЫМ БАР

Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсің менің қуанышым, шаттығым,
Сенсің менің тазалығым, пәктігім.
Әр адам өзінің тілін шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап құлағына сіңіруі тиіс. Себебі, тілін білген адамның ғана бойында патриоттық сезім қалыптасады. Олар елге, ұлтқа пайдалы мәселелерді қозғап, жауапкершілікті сезінеді. Өйткені, мемлекеттік тіліміз елімізде аса маңызды да, ең өзекті мәселе.
Тәуелсіздігіміздің тұғырына көтерілген жылдар ішінде елдің бірлігі артқандай. Елімізде ұлтымыздың ұлы тілімен қатар әлемдік тілдердің де құндылығы жоғары. Ұстаздар қауымының басты міндеті – шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, болашақ ұрпаққа ұлағатты тәрбие беру. Қазақ балаларының өзге тілді меңгергеніне қуанып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеп, білім алып жатқанда біздің қазақтың жас жеткіншектері өз ана тілінде көркем сөйлегені бір қуантып тастайды.
Осыған орай, Жастар негізгі орта мектебінде Қазақстан халықтарының Тілдер мерекесіне арналған «Тілімде менің сыры терең жаным бар» атты оқушылар арасында сайыс өтті. Мемлекеттік Гимнмен бастау алған салтанатты жиында сөз алған директордың орынбасары Б.Е. Ниетжанова тәуелсіз елдің мемлекеттің тілі мәртебелі де тұрақты болып, өрістеп дамуына үлес қосу – жас жеткіншектердің жауапкершілігінде болатын міндет екендігіне тоқталып, ана тіліміздің мерейлі мерекесімен құттықтады.
Аталмыш іс-шара барысында, бекітілген жоспар бойынша мектебіміздің мамандары елімізде тұратын барша халықтың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қорғауға және дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралардың өтуіне белсене атсалысты.
Шараны пән мұғалімдері Сәулебек Оспанжан дайындаған оқушылардың ана тіліндегі әдеби монтажы жалғастырды. Тіл мерекесінің жоғары деңгейде өтілуіне 5-9-сынып оқушылары зор ықыласпен түгел атсалысып, «монолог оқу», «мақал-мәтел», «әріптер диалогі», «тұрақты сөз тіркесінің мәні» сияқты түрлі сайыста өздерін жоғары деңгейде көрсетті.
Жиын соңында оқушылар арасында түрлі сайыста ерекше дара шапқан жеке жеңімпаздар мен жеңімпаз топ мақтау қағазымен марапатталды. Сондай-ақ, 5-9-сынып оқушыларынан құралған «Дарын» тобы өзінің қоңыр даусымен көрермен қауымын таңғалдырып, ән мен жырдан шашу шашып, қазақтың ұлттық биін шабыттана орындады. Осындай шаралар осы мерекемен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай өз жалғасын табады.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүректе соғуын тоқтатпай ма?» деп тура айтқан. Олай болса, тілімізді қадірлей білейік!
Сәулебек ОСПАНЖАН,
Жастар негізгі орта мектебі қазақ тілі пәнінің мұғалімі.