ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТЫҢ АЯҚТАЛҒАНЫНА 28 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Қазақ тарихында көптеген алапаттар орын алған. Солардың ішінде халыққа азап әкелген қайғылы оқиғалардың бірі Семей қаласындағы ядролық сынақ болатын.
Семейде өткізілген сынақтың нәтижесінде көптеген азаматтар қайғы құшып, дене мүшелерінен айырылып, мүгедек балалар дүниеге келді. Сонымен қатар, Семей қаласының табиғаты көркінен айырылып, көптеген жерлер пайдалануға келмей қалды. Бірақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Семейдегі ядролық сынақтар тоқтатылды.
Семей полигонының жабылғанына биыл 28 жыл толып отыр. Осыған орай, аудандық кітапханада ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Оразалинов, Қарабұлақ ауылдық округінің жас-тар ісі жөніндегі нұсқаушысы Е.Ұлдаханов және «Жасыл ел» жастар жасағының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Бұл маңызды шараны өткізу барысында «Жасыл ел» ұйымының жастары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды ортаға салды және тиісті жауаптарын алды. Шара барысында жастардың Семей полигоны жайлы маңызды ақпарат алуы үшін бейнефильм көрсетілді.
Өзекті мәселеге толы шараға қатысқан жас өрен өздеріне қажетті көптеген ақпараттан құлағдар болды. Алдағы уақытта елімізде ешқандай алапат орын алмай, бейбіт аспан астында тәуелсіздіктің көк туы мәңгі желбіреп, келер ұрпақ елін, жерін қадірлей білсе деймін.
Ажар САДАН.