КЕЛЕШЕККЕ — КЕМЕЛ БІЛІММЕН

Биылғы жылдың аудандық білім беру қызметкерлерінің кезекті тамыз конференциясы осындай тақырыппен өтті. Бұл жиында өткен 2018-2019 оқу жылының жетістіктері қорытындыланып қана қоймай, жаңа 2019-2020 оқу жылына бағыт-бағдар белгіленді.
Алдымен қонақтарға арнап көрме ұйымдастырылды. Бұл көрмеде ауданға қарасты барлық мектептерде қызмет ететін үздік ұстаздар жайлы ақпарат пен олардың осы күнге дейін жеткен жетістіктері және балабақша мен мектептердің 2018-2019 оқу жылында басқа мектептермен, республикалық және халықаралық деңгейдегі университеттермен атқарған іскерлік жұмыстарын жас ұстаздар таныстырды. Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы мен Титов атындағы орта мектептеріндегі ІТ-сыныбының үйірмесіне қатысатын тәлімгерлер роботтардың түрлі деңгейде жасай алатын мүмкіндіктерін кеңінен көрсетті. Сонымен қатар, еңбек және бейнелеу пәнінен сабақ беретін ұстаздардың қолөнер жұмыстары, қылқаламмен салған сырлы туындылары көрменің сәнін аша түсті.
Аудандық білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясына аудан әкімі Рауан Рақымбеков пен аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушылар қауымына сәттілік тіледі. Аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Бектұров 2018-2019 оқу жылының жетістіктері мен кемшілік кеткен тұстарын толық баяндап, жаңа оқу жылына игі бастамаларды бірге атқаратындарына сенім білдірді. Б. Жолбарысұлы атындағы орта мектебінің директоры Ж.Оспанов «Жаңартылған білім беру жағдайында мектепті басқару», Н.Алдабергенов атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Е.Великая «Повышение качества знаний учащихся в условиях обновленного содержания образования», Қарабұлақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Райымбекова «Инновации в воспитательной работе: поиски и решения» және т.б. білікті ұстаздар білім мен тәрбие игеру мәселелері жөнінде жарыссөзге шығып, жиналғандарға тағылымды ой тастады.
Аудан басшысы Рауан Тұрданғазыұлы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың білім беру саласына ерекше көңіл бөліп жатқанын тілге тиек етіп, ұстаздар қауымына оқушыларға сапалы білім беруді нығайту керектігі жөнінде ой өрбітті. Еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген бірнеше педагогтарға Алғыс хаттар табыс етті. Биылғы жылы «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгіні білім саласына сіңірген еңбегіне орай Титов атындағы орта мектебінің директоры Әбдікәрім Қаймолдинов иеленді.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.