ІССАПАРМЕН ДЕПУТАТ КЕЛДІ

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев іссапармен Ескелді ауданына келді. Халық қалаулысы алдымен аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен қызметкерлерін және тұрғындарын қоғамдық қабылдау бөлмесінде қабылдап, өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын тыңдады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы А.Бейісбаев, архитектура және қалақұрылыс бөлімінің басшысы Ғ.Алпысбаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Керікбаев және аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының эксперті Т.Медетбекова жас мамандарға баспана мәселесі, үйдің жоспарын жасау, үйдің техникалық төлқұжатын рәсімдеу кезінде жекеменшік қызмет көрсету, ауыл шаруашылығына қажетті кейбір дәнді-дақылдардың субсидияланбауы жөнінде сұрақтарын қойды. Өз кезегінде Омархан Нұртайұлы көтерілген сұрақтарды жоғары жаққа міндетті түрде жеткізетінін мәлімдеді.
Қабылдаудан соң қоғам қайраткері ауданның тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысу мақсатында Қарабұлақ ауылында жаңадан салынып жатқан 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы мен техникалық базасымен танысты. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан көпқабатты үйдің жертөлесіне болашақта спорт залын жабдықтауды ұсынды.
З.ЖҰМАБЕКОВА.