БІР КӨШЕ — БІР ЕЛ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында 2, 16 және 27 тамыз күндері аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Бір көше – бір тарих» жобасына өлкемізден шыққан Балпық би, Жұматай Жақыпбаев және Нұртай Қабсаматовтың есімдеріне орай қойылған көшелерінде кездесу өткізілді.
Он екі ата Жалайырдың ішіндегі біртуар тұлға, ел басқарған көсем, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен Балпық би Деріпсалыұлының туғанына биыл 325 жыл толуына орай аталмыш жоба бойынша Балпық би атына қойылған көшесінде насихаттау жұмыстарын өткіздік. Қазақ халқының өткен қилы-қилы кезендерінің тарихына шолу жасай отырып, қазақ елінің мүддесі үшін өзінің күш-жігерін жұмсап, батырлық пен даралықты көрсете білген билердің өмірбаяндары мен ғибрат сөздерін оқырмандарға насихаттау үшін осы іс-шараны үзбеуге тырысамыз. Аудандық Мәдениет үйінің алдында қасиетті бабамыздың ұрпаққа мұра болар игілікті іс пен рухани жырларының мәніне шолу жасалынып, «Билер сөзі — асыл мұра» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда бабамыз жайлы құнды ақпараттар жинақталған. Кітапханашы А.Байсақова Балпық бидің өмір жолын және ол туралы жазылған еңбектермен таныстырды.
Ж.Жақыпбаевтың атына қойылған көшеде ақын Жұматай Жақыпбаевты тұрғындарға, болашақ жастарға кеңінен насихаттау мақсатында да сындарлы кездесу өткізілді. Кездесу барысында көше тұрғандарына, жастар ресурстық орталығының жетекшісі С.Жолдыбаев пен жастарға кітапханашы А.Найзабекова ақынның өмірбаяны мен шығармашылықтары жайлы айтып, ашық кітап көрмесіне шолу жасалды. Шара соңында ақын С.Құмархан домбырамен Ж.Жақыпбаевқа арнауын орындады.
Дәл осындай шара Нұртай Қабсаматовтың атына берілген көшеде де өтті. Кездесу барысында кітапханашы Р.Досымбекова ауыл тұрғындарын Н.Қабсаматовтың өмірбаянымен таныстырды. Бұл шараға ұлы Асхат Қабсаматов, көше тұрғындары Қ.Жандыбаева, Л.Овар қатысып, Нұртай Қабсаматовпен бірге жұмыс істеген кездегі естелігін, қандай басшы болғаны туралы әңгіме өрбітті.
Айгерім ТҮСТІКБАЕВА,
аудандық кітапхана директорының міндетін атқарушысы.