ЕЛІ СЫЙЛАҒАН БАЛПЫҚ БИ

Өмірден хан да өткен, қара да өткен,
Қол бастап, қайрат етер дара да өткен.
Сөзін сөйлеп, халқының жоғын жоқтар,
Ақылгөйі елінің дана да өткен, — дегендей, Атырау мен Алтай, Алатау мен Арқа аралығындағы халқымыздың басына түскен тауқыметтерді бірге тартып, елі үшін еңіреп туған ерлер шоғыры қазақ жұртында көп болғанын ешкім де жоққа шығармас. Халқының жадында мәңгілік сақталған асыл тұлғалар аз емес. Соның бірі 1723-1753 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген ұлт-азаттық көтеріліс кезінде өзінің батылдығымен де, батырлығымен де көпшілік көңілінен мәңгілік орын алған, би, шешен, әулие Деріпсалыұлы Балпық бабамыз.
Он екі ата Жалайырдың ішіндегі біртуар тұлға, ел басқарған көсем, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен Балпық бидің туғанына биыл 325 жыл. Тарихи тұлғаның көрегендігі мен ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталуы керек. Осы мақсатта Балпық бидің 6-шы ұрпағы Н. Алдабергенов атындағы мемориалды музейінде «Елі сыйлаған Балпық би» атты тақырыптық экскурсия жүргізілді. Экскурсия барысында Балпық бидің өнегелі өмірі, ел бірлігі мен татулығы жолындағы қызметі жайлы мағлұмат берілді.
Сонымен қатар, музей экспозициясында тұрған батыр бабаның жорық кездерінде басына киген дулығасының көшірмесі көпшілік қауымның назарын аудармай қоймады. Дулығаның түпнұсқасын ел игілігіне айналдырып, мұражайға тапсырған Балпық бидің ұрпағы – Әпсемет қария. Бүгінгі таңда батыр баба дулығасы Талдықорған қаласында орналасқан облыстық М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің ең құнды жәдігерлерінің бірі болып саналады. Ел басына күн туған шақта жаны мен арын қатар таразыға салып, халқының болашағы жолында аянбай тер төккен бабаларымыздың еңбегін ұмытуға еш хақымыз жоқ. Батыр бабаның ұлағатты өмір жолын дәріптеуге арналған іс-шаралар өз жалғасын табары анық.
Гүлшат ШАЙМҰХАНБЕТОВА.