35 БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДАДЫ

1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жыл сайын өтіп жатқан «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы биыл жыл бойы жалғаспақ. Ел мұсылмандарының қара шаңырағы ҚМДБ да бұл шараға үлкен маңыз беріп келеді. Нақты айтар болсақ, ҚМБД-нан еліміз көлеміндегі мешіттерінің іс-қызметтерінің негізгі 4 бағытының бірі – қайырымдылық іс-шаралары. Сол шаралардың ішіндегі тұрақты дәстүрге айналғаны – осы «Мектепке жол» акциясы.
Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептермен мектептен қалып қоятын балаларға көмек көрсету мақсатында өңірдегі барлық мешіттер жыл сайын тұрақты атсалысып келеді.
Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Ескелді ауданының орталық мешіті аталмыш акцияға өзіндік үлесін қосты. Аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардың 35 балаларын мектепке қажетті барлық құрал-жабдықтар мен мектеп формасымен қамтамасыз етті.
Аудандық мешіттің бас имамы Мұхамет Ордыбай және оның орынбасары Ертай Бақытбек игі істің ұйытқысы болған ҚМДБ Бас мүфтиі Серікбай қажы Оразға және осы акцияға белсенді қатысқан барша жанашыр жандарға алғыстарын білдіретіндіктерін айтты.
Өз кезегінде, мешіттің имамы оқушыларға білім алудың маңыздылығы жайлы айта келе, оқуда озат болып, болашақта еліміздің өркендеуі үшін адал қызмет жасауға шақырды. Сонымен қатар, мешіт тарапынан жасалатын қамқорлықтың мәнін түсіндіріп, бүлдіршіндерге жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Зейнегүл БЕЙБІТҚЫЗЫ.