САБАҚТЫ ЗЕРТТЕУ — ОҚЫТУДЫ ЖАҚСАРТУДЫҢ КЕПІЛІ

«Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек».
Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ.
Жас ұрпақтың жаңа заманға сай өмір сүру дағдысын қалыптастыру мақсатында білім беру саласында білім берудің жаңа мазмұны енгізілуде. Себебі, болашақ өмірі үшін өзіндік санасы қалыптасқан, өзі атқаратын, өзі қалайтын іске жан қалауымен бара алатын тұлға тәрбиеленуі қажет. Қазіргі таңда барлық мектептерде жаңартылған білім мазмұнына сәйкес үдеріс орын алуда. Баланың білім алуы мен тәрбиеленуіне үлес қосатын мектеп мұғалімдерінің тәжірибелеріне өзгеріс енгізу үшін қазіргі уақытта әрбір педагогке өз білімдерін шыңдау, дамыту басты мақсат болып табылады. Себебі, білім бір орында тұрмайды, ол үздіксіз дамып отырады. Әр күн сайын біз жаңа ашылулар мен жаңалықтарды оқып, көруімізге болады. Сол жаңалықтардың бірі – жаңаша тәсіл Сабақты зерттеу (Lesson Study).
Сабақты зерттеу тәсілі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін тұрақты түрде дамытудың тиімді амалы екендігі барша педагогикалық жұртшылыққа мәлім. Сабақты зерттеу – сабақтағы іс-әрекетті зерттеу арқылы мұғалімнің біліктілігі мен оқыту тәжірибесін жетілдіруге бағытталған педагогикалық амал. Бұл белгілі бір мұғалімдер тобының кемінде үш сабақты бірлесіп жоспарлаудан, оқытудан, бақылау мен талдаудан тұратын цикл. Сабақты зерттеу тәсілін қолдану арқылы мұғалімдер демократиялық түрде өз сабағын зерттей отырып меңгеруге және өз оқытуының сапасын жақсартуға ықпал ете алады.
2018-2019 оқу жылында мектебіміз сабақты зерттеу (Lesson Study) үдерісі бойынша Алматы облысы мен Алматы қаласындағы «НЗМ» ДББҰ ПШО филиалы және Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістеме орталығымен бірлескен зерттеу тобының құрамына енуі мектеп тәжірибесіне тың серпін туғызды.
Мектебімізде «Сабақты зерттеу» тәсілін енгізуді бастағанға дейін мұғалімдерден Talis сауалнамасы алынып, пікірлестер командасымен тренинг өткізілді. Мұнда осы тәсілдің және оны енгізудің біртұтас көрінісі қалыптасты, зерттеу сұрағы айқындалды. Айқындалған мәселелер бойынша коучинг өткізіліп, ынталы топ жасақталынды. Ынталы топ мүшелерінің алғашқы отырысында зерттеу сұрағы таныстырылып, зерттелетін сынып бағыттары белгіленді.
Сабақты зерттеу топтарының жұмысы мынандай айналым аумағында жалғасуда: «Проблема айқындау – проблеманың теориялық мәселелері мен шешу жолдарын коучинг арқылы айқындау – бірлесе жоспарлау – өзара сабаққа қатысу – сабақты талдау – сабақ жоспарын жақсарту». Олардың кәсіби әрекеттері «Бірлесу, ақылдасу, қолдау» ұғымдары аясында жүзеге асырылуда. Осылайша сабақты зерттеу тәсілі мұғалімдерді тұрақты түрде, толассыз кәсіби шеберлігін дамытуға ынталандырып, ұжымдағы ынтымақтастықты дамыта түсуде.
Зерттеу тобының мүшелеріне кәсіби қолдау көрсету мақсатында Алматы қаласындағы «НЗМ» ДББҰ ПШО филиалы және Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістеме орталығымен бірлесе жыл бойы тізбектелген семинарлар ұйымдастырылды. Әрбір өткізілген семинарларда топ мүшелері арасында зерттеудің терең және нәтижелі болуына бағыт-бағдар беріліп, алдағы зерттеу қадамдарының тиімді жүргізілуі айқындалып, сабақты зерттеу үдерісі бойынша кері байланыс беріліп отырды.
Бүгінгі күнде шығармашылық топ мүшелері өзін-өзі басқаратын, өз әлеуеттерін өздігінен дамытатын орта болып қалыптасуда. LS топтары тоқтаусыз, толассыз, тұрақты түрде өзін-өзі реттейтін, өзін-өзі дамытатын мектептің негізгі құрамдас бөліктеріне айналып, басқа да пән мұғалімдерін осы топтардың жұмысына араластыруда. Яғни зерттеу сабақтарына, талдауларға, коучингтерге қатыстырып, шебер сыныптар көрсетуде.
Күні кеше басқа ұстаздардың сабақтарына қатысушылар негізінен тек мұғалімнің әрекеттерін бақылап, олардың кем-кетік жерлерін тізбектеп, сабақ талқылауда сол кемшіліктерді тілге тиек етіп, мұғалімге ақыл айтып, нұсқау беретін. Ал бүгінде сабақты зерттеу тәсілі бойынша сабаққа қатысқандар өздері таңдаған зерттеу проблемасы ауқымында оқушының әрекеттерін бақылап, олардың қалай оқитындықтарына назар аударып, оқушылармен сұқбаттасып, олардың оқудағы жетістіктері мен қиындықтарын айқындайды. Сабақты талқылағанда осыларды дерек ретінде қолданып, сабақты жақсартуға қолдануда. Мұндай жұмыс мұғалімдердің сабаққа дайындалу және сабақты бақылау мәдениетінің өзгеруіне алып келетіндігі даусыз.
Өткізілген іс-шараларда тек қана озық тәжірибелерді ғана көрсетіп қоймай, одан шығу жолын іздестіруге бірлескен оқу жұмыстары да орын алуда. Бұл дегеніміз кез келген мектептер мен әріптестер арасындағы ынтымақтастықты, білім берудегі жауапкершіліктің бар екендігін көрсетеді. Мұғалімдер зерттеу барысында өз сабақтарында білімдері мен біліктіліктерін шыңдады. Өйткені, олар өз тәжірибесін жаңа технологиямен сәйкес-тендіре білді. Аз ғана уақытта жасалған жұмысымызды қорытындылай келе, ауқымды өзгерістер орын алды деп айту мүмкін емес, алайда олар өзгереді. Ал, біз өз тарапымыздан әріптестерімізге көмек көрсетіп, кәсіби дамуына ықпал жасаймыз.
Зейнегүл ЖЕТПІСБАЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясы
мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары.