Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттайды. Мағыналы сөздерден кітап оқудың кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі екенін түсінесің. Осыған орай, мектебімізде «Оқуға құштар мектеп» жобасы ұйымдастырылды. Жоба мақсаты: көркем әдебиетке деген оқушылардың қызығушылығын арттыру және кітап оқуға машықтандыра отырып, қажетті материалды іріктеп алуға үйрету, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптей білуге тәрбиелеу.
Аталған жоба аясында мектеп кітапханасында «20 минут кітап оқы, 3 минут эссе жаз» атты акциясы ұйымдастырылды. Акцияға 9 сынып оқушылары қатысып, оқушылар Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» атты кітабынан 20 минут үзінді оқыды. Берілген уақыт аяқталған соң кітаптан алған білімдерін қағаз бетіне түсіріп, өз ойларымен бөлісті.
Жазылған эсседе бойынша оқушылардың қысқа уақыт аралығында шығармадан алынған үзіндіні өз деңгейінде жақсы меңгергендіктері аңғарылды. Батыр бабамыздың «Ұшқан ұя» романының тақырыбы мен тәрбие саласындағы ауқымды ойлары оқушыларға ой салып, кітап оқуға, соның ішінде көлемді көркем әдебиеттерді оқуға жол ашқандай.
«20 минут кітап оқы, 3 минут эссе жаз» атты акциясының жемісі оқушылардың бос уақыттарында кітап оқуға деген ынталарын қалыптастырса, акцияға қатысқан 9 «а» сынып оқушыларының бастамасын басқа да сынып оқушыларына үлгі болды.
Қарақат Айыбекқызы,
Балпық би атындағы
орта мектеп кітапханашысы