Тіл — ең асыл құндылық

Тәуелсіздік алғалы бері қоғамдық қызу талқылаудың тақырыбына айналған басты мәселенің бірі – тіл мәртебесі. Тілге қатысты талаптар жүзеге асырылуы керек, соның ішінде ең бастысы, мемлекеттік мекемелердің хат алмасуы тек қана қазақ тілінде жүргізілуі қажет.

Әр халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау және өз тіліне немқұрайлықпен қарау қауіпті. Мұстафа Шоқайдың «Балаңды қай тілде тәрбиелесең, түбінде сол елге қызмет етеді», — деген нақыл сөзі терең ойлануға түрткі болары анық.

Әр мемлекеттік мекеме қызметкерді жұмысқа қабылдағанда мемлекеттік тілді жетік білуін қаперде ұстағаны жөн. Сонда тілді үйренуге деген қажеттілік туындар еді. Сонымен қатар, әр өткізілетін жиналыстар мен отырыстар тек қана қазақ тілінде жүргізіліп, хаттамалар мен қажетті құжаттар қазақша толтырылса, тілге деген көзқарас өзгеретіні күмәнсіз.

Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесін, оның құзіретін іс жүзінде нығайту бәрімізге артылған жауапкершілік, барша қазақстандықтардың ортақ ісі деп қабылданған абзал. Отбасынан бастап, ел басындағы азаматтарға дейін тілдік құндылығымызды арттыру бойынша табанды жұмыс жүргізу керек. Яғни, бұл үрдісі жеделдетуге қолымызда бар ресурстарды, мүмкіндікті пайдалана отырып, баршамыз атсалысуымыз қажет.

Назерке ДУБЕКОВА,

Жетісу облысы Ескелді аудандық

сотының жетекші маманы