БАЛАЛАРДЫ ҚУАНТУ — ЗОР БАҚЫТ

Балалар әдебиетіне түрлі шығармалар жазатын Айман Кәріпбаеваның Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасымен «40 ертегі, 100 жұмбақ, 100 жаңылтпаш, 100 санамақ, 100 өтірік өлең, 100 тақпақ» кітабы жарық көрген болатын. Сәрсенбінің сәттісінде Ескелді ауданының кітапханасында Айман Сапатайқызының аталмыш кітабының тұсауы кесілді.
Айтулы шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Оразалинов, жастар ресурстық орталығының жетекшісі С.Жолдыбаев, кітапхана директорының міндетін атқарушы А.Түстікбаева, «Жасыл ел» бағдарламасының қатысушылары және «Айкүн» балалар бақшасының тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері қатысты.
Айман Кәріпбаева негізінен ұлы мамандық – ұстаздық жолын таңдаған жан. Бірақ жаны балаларға шығармалар жазуды қалайды. Қолы қалт етсе, балдырғандарға ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, өтірік өлең, тақпақ жазады. Қаламгердің шығарма жазудағы басты ерекшілігі – ол бала кейіпіне еніп, олар сияқты ойға шомады екен. Айман апайымыздың айтуынша, кішкентай бүлдіршіндерге шығарма жазу үлкен талаптылықты, мол білімді қажет етеді. Себебі, сәбилердің ойынан шығу, оларды кітапқа тарту өте қиын дүние.
Оның балалар әдебиетінен басқа туған жерге арнаған кең көлемді жырлары осы уақытқа дейін өзге ақындармен бірлесіп шығарған жинақтарға топтастырылған. Сонымен қатар, бірнеше жыл бұрын жарық көрген «Туған жер» кітабында туған өлкесіне арнаған кең көлемді тақырыптарда жазған өлеңдері жинақталған.
Тұсаукесер рәсімінде Асхат Сағидоллаұлы өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, кітаптың тұсауын кесті. Ал қаламгер балаларға шығарма жазуды қай кезде бастағанын, қалам мен қағазды ұстауға не шабыттандыратынын айтып, оқырмандарды қызықтырды. Қатысушылар тарапынан да тағылымды сұрақтар көп болды. Олар көбіне жазушының кімді сүйіп оқып, пір тұтатыны және осы бағытта жазуға не итермелейтіні қызықтырды.
Облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шығып отырған бұл кітап өсіп келе жатқан жас ұрпаққа қызықты да әсерлі жинақ. Әрбір туындының тәрбиелік мәні бар. Осындай тамаша шығармалар жинақталған құнды кітапты автор кітапхана мұрағатына және балалар бақшасынан келген кішкентай оқырмандарға сыйлады. Кешті ұйымдастырып отырған кітапхана ұжымы да Айман Сапатайқызына сыйлығын табыстап, Айгерім Айдарқызы бүгінгі күні осындай кітаптар елімізде санаулы, оқырмандар үшін өте қажет дүние екенін айтты.
Салт-дәстүрді байланыстыра отырып, балаларға қазақтың рухани құндылығын ертегі кейіпкерлері арқылы ұқтыруға тырысатын, шығармалары арқылы тереңінен ой толғайтын тілге жеңіл шығармаларды Айман Кәріпбаеваның қаламы мұқалмасын. Заманауи бүлдіршіндерге әлі талай да құнды еңбек жазатынына сеніміміз мол.
Зейнегүл БЕЙБІТҚЫЗЫ.