ЖОМАРТ ЖАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялаған кезде «Туған жер» арнайы жобасын қолға алу керектігін алға тартқан болатын. Яғни, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керектігін де айтты.
Бағдарлама жарыққа шыққалы екі жыл уақыт өтті. Осы уақыт аралығында елін, жерін сүйетін кәсіпкерлердің қатары да көбейді. Олар халыққа көмегін қайтарымсыз көрсетіп, түрлі салаларға демеушілік жасап жүр. Осындай істері арқылы жас ұрпаққа саналы тәрбие де көрсетіп келеді. Кәсіпкерлердің игі істеріне қолдау білдіру, әрі патриот жандарды еліне таныстыру мақсатында «Жомарт жүрек» конкурсы биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Ескелді ауданында да дәстүр бойынша бұл конкурс өз деңгейінде өткен аптаның аяғында «Жомарт жүрек — 2019» атты аталыммен өз жеңімпаздарын тапты. Марапаттау рәсімі аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткізілді.
Аталмыш конкурқа өтініштер екі номинация бойынша қабылданды. «Жыл меценаты» және «Жыл тұлғасы» номинациясына бірнеше үміткер қатысып, екі кәсіпкер жеңімпаз деп табылды.
«Жыл меценаты» номинациясының иегері болып Виктор Петрович Хильниченко марапатталды. Оның Ескелді ауданының экономикалық, әлеуметтік дамуына зор үлесін қосып келе жатқаны көпке мәлім. Тек қана аудан емес, Алматы облысының экономикасының өркендеуіне өз септігін тигізуде. Виктор Петрович басшылық ететін «Хильниченко и К» КС әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларды жұмыспен де, тұрғын үймен де қамтамасыз етіп отыр. «Жақсының жақсылығын айт, мейірі тасысын» деп халқымыздың тамаша мақалында айтылғандай, Виктор Петрович тек игі істерімен көрінуде. Туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып жатқан істері көпке үлгі.
Ал «Жыл тұлғасы» номинациясында үздік деп Бақыт Сүйінбайұлы Түкебаев танылды. Ол қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, түрлі іс-шараларға демеушілік көрсетіп келеді. Әсіресе, туған жерінде өтіп жатқан жиындарға демеушілік жасауды әдетіне айналдырған. Атап айтқанда, Жетісу ауылында өткен спорттық шаралардың өтуіне үнемі ұйытқы болады. «Жетім көрсең жебей жүр» демекші, Бақыт Сүйінбайұлы бірнеше жетім балалардың оқуына қаражат бөліп келеді. Сонымен қатар, биыл әлеуметтік жағынан аз қамтылған бірнеше отбасыға жазғы демалыс ұйымдастырды.
«Жомарт жоқты білмейді, батыр көпті білмейді» деп айтылғандай, халқымызда жүрегі кең жомарт жандардың саны көбейсін. Келер ұрпаққа өнегелерін дарытып, туған жерінің көркеюіне үлестерін қоса берсе екен.
Ажар САДАН.