ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Ел экономикасының дамуында құрылыстың алар орны ерекше. Бүгінде қай жерде болсын, аталған саланың қарқынды жүріп жатқанын байқайсың. Әсем ғимараттар мен көрікті үйлердің бой көтеруі – ауданымыздың күннен күнге дамып, қанат жайып келе жатқандығының бір көрінісі. Көздің жауын алатын небір нысандар – осы сәулет өнерінің жемісі.
Биыл ескелділік құрыш қолды құрылысшылардың еңбегі ұшан-теңіз. Көктемнің жауын-шашыны мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, белгіленген объектілердегі қызу жұмыс жақында біраз тұрғындарға қуаныш сыйлайды дегенді білдіреді. Айта кетейік, ауданымызда биыл 35 және 60 пәтерлі үй салынып жатыр, олардың құрылысы осы жылдың аяғына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Оған қоса, Абай ауылында жаңадан бой көтеріп жатқан мектептің құрылысы бел ортасына таяп қалды.
11 тамыз – Құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай, аудандық құрылыс бөлімінің міндетін атқарушы Әділет Айтахов Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Елдос Ахметовтің атынан құрылыс нысандарында қызмет етіп жатқан барлық еңбеккерлерді құттықтап қайтты. Олардың біршамасына алғыс хат табыстап, мықты денсаулық пен жемісті еңбек тіледі. Ол өз сөзінде:
— Қазіргі күні мемлекетіміз күн сайын көркейіп, абаттанып келеді. Төрткүл әлеммен терезесін теңестірген елімізде көкпен таласқан ғимараттар бой түзеп, еңбекқор ағайынның арқасында құрылысшылардың есімдері әлемге танылды. Дәл осындай жұмыстар біздің ауданымызда да қолға алынуда. Жаңадан нысандар салынып, жол жөндеу жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Ауданымызда бой көтеріп жатқан мына 35, 60 пәтерлі үйлер көптің көңіліне жылу ұялатпақ. Одан басқа да күрделі жөндеуден өтіп жатқан мекемелер мен ғимараттар бар. Бұл, әрине, қыстың суығында, жаздың ыстығында еңбек ететін құрылысшылардың маңдай тері, — деді.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.