ТАҒЫ ДА ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

4 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында І республикалық «Ынтымақ» жазғы фестивалі өтті. «Ынтымақ» өнер-білім орталығының ұйымдастырған бұл фестиваліне республикамыздың барлық облыстарынан және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан өнерпаздар қатысты.
Аталмыш фестивальге ауданымыздың «Аяна» би тобының бишілері қатысып, ерекше би қойылымы мен орындаушылық шеберлігінің арқасында «Super star» байқауында үлкен топ Бас жүлде, кіші топ І орын иеленсе, Телевизиялық жобасында екі топ та Бас жүлдені жеңіп алды. Олар кубок, медаль және алғыс хаттармен марапатталды. Ал екі топтың жетекшісі, өнерлілердің дарынын ашып, оларды сындарлы сайыстарға дайындап жүрген хореограф Жанар Бешен «Үздік жетекші» және «Білікті тәлімгер» номинацияларын иеленді.
«Аяна» би ансамблі 2009 жылы аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған болатын. Қабырғасын қалаған жылынан бастап осы уақытқа дейін облыстық, республикалық, тіпті халықаралық би фестивальдерінде топ жарып, Ескелді ауданының мерейін шарықтатып жүр. Жыл басынан бері бір халықаралық және екі республикалық жарыста Бас жүлдені иеленіп қайтуы ұстаздың біліктілігі мен еңбегінің арқасында екенін айтпасқа болмайды. Жақында Жанар Бешен «Мәдениет майталманы» медалінің иегері атанған.
Еліміздің астанасында өткен бұл байқауға «Аяна» би ансамблінің үлкен және кіші топтарынан құралған жалпы 31 бала қатысты. Айтулы жүлделі орынды алып келе жатқан бишілерді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Ерғалиева, Мәдениет үйінің директоры Қ.Оспанов және басқа да қызметкерлер мен бишілердің ата-аналары Ескелді ауданына кіреберіс жолда қарсы алды.
Жиырма төрт сағат жол жүріп, қайтарда да сол уақыт аралығын жолда өткізген өнерпаздардың шашыраңқы бейнесін көрмедік. Жетекшісі мен тәлімгерлері қуаныштан, жастық энергияның әсерінен жүздері нұрланып тұрды. Мойнына бірнеше медаль асынған білікті жетекші Жанар:
— Жиырма төрт сағат жолдан бірден сахнаға түстік. Ұйықтамадық. Бізді таныстырғанда да «Алматы облысы Ескелді ауданынан бір тәулік жүріп, ұйықтамай келген бишілерді қарсы алыңыздар!» деді. Көрермен ду қол шапалақтады. Осы сәтте ойымызда тек лайықты өнер көрсетіп, жүлделі орынды қанжығамызға байлау болды. Сондықтан сахнаға аяғымыз тиісімен шаршағанымызды бірден ұмыттық», — деді.
Астаналықтарды таңдай қақтырған ауданымыздың бишілерінің алдағы уақытта жеңіп алатын жүлделерінің қатары көбейе берсін дейміз.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.