БАТЫР ЖІГІТ ҚҰРМЕТТЕЛДІ

Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырларының есімдері тарихымыздың беттерінде алтын әріптермен жазылған. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін-жерін жаудан қорғаған ұлттық тұлғаларымыздай батырлар қазіргі заман жаршысында бар ма? Батыр атану үшін олар сияқты бес қаруды қолға алып, жауға шабудың қажеті жоқ. Болмаса, мылтық асынып, шекараға беттеудің де керегі жоқ. Сондықтан, Отанына адал қызмет етіп, оқыс оқиға кезінде адамдарды құтқарып, өз өмірін қатерге тігетін жандарды бүгінгі күннің батырлары десек жарасатын сияқты.
Үш бүлдіршінді жанып жатқан оттан құтқарып қалған Алмас Ризабековті бүкіл Алматы облысы біледі. Ал оның анасының оған берген тәрбиесінің өзі бір бөлек әңгіме.
Алмас батырды осы уақытқа дейін Ескелді ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі ауруханада жатқанында арнайы жағдайын біліп қайтты. Ал Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті Алмасты «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен, анасын Алғыс хатпен марапаттаған болатын. Оған дейін Алматы облысының әкімі бүгінгінің батырын жеке қабылдап, ақыл-кеңесін берді. Ал күні кеше Ескелді ауданының әкімі Рауан Рақымбеков Алмасты қабылдап, сый-сияпатын көрсетті.
Зейнегүл БЕЙБІТҚЫЗЫ.