БАСТЫ МАҚСАТ — КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ

Апта басында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауылдық округ әкімдері мен жеке шаруа қожалықтары иелерінің қатысуымен ашық семинар өтті. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыс бойынша филиалының несие бөлімінің басшысы Шара Сүлейменова бұл жиынға арнайы қатысты. Ол кәсіпкерлерді жаңадан бой көтерген «Қарапайым заттар экономикасы» атты бағдарламаның шарттарымен таныстырды.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бірнеше жылдан бері ауыл кәсіпкерлігін дамытуда мемлекетпен бірге несиелендіру жүйесін қалыптастырып келеді. Ауыл шаруашылығы өндірісінің түрлі салаларын дамыту бойынша бағдарламалар құрып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде.
Шағын және орта бизнес бойынша қаржыландыру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да бастау алып отыр. Бұл бағдарлама халықтық тұтыну тауарларының, шикізат пен бастапқы өндеу өнімдерінің өндірісіне бағдарланған жаңа және әрекет етуші кәсіпорындарды құру мен жаңартуға бағытталған. Яғни бірінші кезекте сырттан келетін заттар санын азайтып, керісінше халық күнделікті тұтынатын тұрмыстық заттарды елімізде өндіру және сол арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гаухар Көшемісова бағдарламаның тиімді тұстарын айтты: «Бағдарлама 7 жылға дейін несиелеу мерзімін ұсынып отыр. Ал кәсіпкер 5-6%-дық жылдық мөлшерлемемен несиені ресімдей алады», — деді. Өз кезегінде корпорацияның облыс бойынша несие бөлімінің басшысы Шара Шажабайқызы жиналғандарды бағдарламаның шарттарымен таныстырды және бағдарлама жайында түсінік берді.
Сұрақ-жауап барысында шаруа қожалықтарының иелері «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының ұсынып отырған кейбір тиімсіз шарттарына, оның ішінде құжат жинаудағы олқылықтарға қатысты келіспеушіліктерін білдірді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыс бойынша филиалының несие бөлімінің басшысы Шара Сүлейменова аталған өтініштерді алдағы уақытта ескереміз деп уәде берді. Жиын соңында кәсіпкерлерді сұрақтары бойынша жеке қабылдады.
Елбасы Н.Назарбаев «Қа-зақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламаларды арттыру қажет екенін алға тартты. Соның ішінде «Қарапайым заттар экономикасын дамыту, өңделген өнімдерді экспортқа шығару, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру басты бағыт пен ауқымды міндет» деп айтқан болатын. Соған орай, кәсіпкерлерді тиімді бағдарламаның алғышарттарымен ақпараттандырып қана қоймай, олардың кәсіптеріне қолдау көрсету көздеген мақсаттардың бірі болып табылады.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА