СЕНБІЛІККЕ АУДАН БОЙЫНША 1046 АДАМ ҚАТЫСТЫ

Тұрып жатқан жеріміздің әдемі де көрікті және таза болуын бәріміз де қалаймыз. Айнадай жарқырап, тап-таза, келбетіне көркі жарасып тұрғанға не жетсін. Қарап отырсаңыз, айналамыздың тазалығы үшін аз тер төгіліп жатқан жоқ. «Тазалық жинаған жерде емес, шашпаған жерде» дегендей, қоршаған ортаға қатысты мәселелердің бәрі де әрқайсымызға да қатысты.
Өткен сенбіде республика бойынша «Таза Қазақстан» акциясы өткізілді. Бұл науқан – еліміздің экологиялық тазалығын сақтауға бағытталған. Қазіргі таңда жан-жақты қолдауға ие. Эстафета Ескелді ауданында да зор қарқынмен жүргізілді. Тазалық жұмыстарына ауданымызға қарасты 11 ауылдық округ пен 30 елді мекен толығымен қатысты.
Ауданға қарасты мемлекеттік қызметкерлер, бюджет са-ласының қызметкерлері, белсенді жастар және туған өлкесін құрметтейтін әрбір тұрғын бұл сенбіліктен қалыс қалмады. Жалпы аудан бойынша 1046 адам атсалысты. Соның ішінде Қаратал, Өрқусақ, Озеро өзендерінің маңы сынған бөтелке, қағаз, темекі қалдықтарынан, қоқыстан тазартылды. Ретсіз өскен ағаштар бұталып, шөп-шалаңдардан аймақ тазаланды.
«Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтатын табиғаттың тілі жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Еліміздің келешегі келер ұрпаққа үлгі бола отырып, осындай экологиялық сенбіліктер өңірімізге үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймын.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.