ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР — ТӘРБИЕ КӨЗІ

Өмірде екі байлық бар – білім және өнер. Өнер туралы сөз ететін болсақ, алдымен халқымыздың дәстүрлі қолөнері ойға оралады. Әрине, бұл айтпаса да түсінікті. Халқымыздың қолөнері ұлттық шығармаларымыздың ең жоғарғы формасы да өнер болып табылады.
Бүгінгі қолөнер дәстүріне келетін болсақ, Абай ауылының тұрғыны, өз ісінің шебері Нұртілеу ағамыздың шеберханасында ұлттық нақыштағы қолдан қашалып жасалған бұйымдары өте көп. Ол өзінің төл туындыларын жастар назарына жиі ұсынады.
Жастар қауымына астау, қымыз жиынтықтары, оюмен зерленген тостағандар, кебеже, интерьер заттары табиғи өнімдерден жасалған соң, ыстыққа да, суыққа да төзімді екенін көрсетті. Одан басқа дастарқанға қойылатын бас табақ түрлерімен, соның ішінде оюмен қашалған, қойдың басын салуға лайық табақты көрсетіп, әр оюдың мағынасын түсіндірді. Бұл кездесу жастарды қолөнершілік өнерге бір табан жақындатты.
«Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» дейді ғой біздің халқымыз. Басты мақсат – бұл кездесу жастардың дүниетанымына, сеніміне, адамгершілік-моральдық қасиеттерінің қалыптасуына, алға қойған мақсаттарының айқындалуына септігін тигізіп, оларға әсер ету болған. Сол мақсатты біз толығымен орындадық.
Қолөнер – халқымыздың қасиеті мен ұрпақтан ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан мұрасы. Әр халықтың өзіндік ұлттық өнері болады. Қазақ елі тәуелсіздігін алғалы халқымыздың қолөнері қандай жетістіктерге жетіп отырғаны белгілі. Себебі, қазір біз ұмыт бола бастаған қолөнерді қайта жаңғырту бұл «Рухани жаңғырудың» бір түрі десек артық етпес. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнерді қадірлеу, дамыту, оны келешек ұрпаққа табыстау – басты парыз.
Арайлым КӨШЕМІСОВА,
жастар ресурстық орталығының психолог маманы.