Райымбек батыр кесенесі

Қазақтың даңқты батыры Райымбек алыс болашақта тоғыз жолдың торабында, ұрпақтарының бақытты ғұмырына куә болып жататындығын біліп, болжап кеткен екен. Өмірінің соңында, өзінің көрер жарығының таусылғанын сезген батыр: «Денемді түйеге артып жіберіңдер де, жануардың күші таусылып, шөккен жеріне мені жерлеңдер», — деп бұйрық береді. Міне осылайша, екі ғасыр бұрын өмір сүрген ұлт батырының мүрдесі бүгінде Алматының қақ ортасында, қаладағы халық ең тығыз орналасқан көшенің бойында жатыр.

Қазақ елінің азаттығы жолында күрескен Райымбек батырдың сүйегі жатқан жер халқымыз үшін киелі орын болып табылады. 1981 жылы бұл жерге мәрмәр тастан ескерткіш орнатылған болса, 1994 жылы «Райымбек» тарихи-этнографиялық бірлестігінің бастамасымен әйгілі батырдың басына үлкен мавзолей орнатылады. Биік кесененің алдында жаңа айтып өткен ақ бураның шөгіп отырған мүсіні тұр. Көзі тірісінде тек қол бастар батыр ғана емес, «көріпкел», «әулие» атанған Райымбек бабамыздың басына келіп, мұң-мұқтажын айтып, тілек тілейтін, құран бағыштап, дертіне дауа іздейтін жандардың қарасы бір үзілмейді. Сондықтан да мұндағы намаз оқитын орын, жалпы кесене күмбезі қайта жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 1991 жылы ержүрек бабамыз жатқан көшенің атауы да батырдың құрметіне Райымбек көшесі болып өзгертілді. Көшенің атауы ауысқалы біршама уақыт өтсе де алматылықтардың көбі Райымбек даңғылын әлі күнге дейін «Ташкентский» деп атап жүр. «Ауру қалса да әдет қалмайтыны» рас. Бір қарағанда тұрғындардың ескі әдетке салғандығында тұрған ештеңе жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен батыр есімінің өзіне кие тұнғанын көпшілік біле бермейді. Жалпы жұрт Райымбекті «әулие адам» ретінде емес, мыңды жеңген «жаужүрек батыр» ретінде ғана біледі. Иә, ол даңқты батыр болды. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ бұл тұлғаның есімінен бастап, қазіргі денесі жатқан жерге дейін қасиетті, киелі екендігін бірі білсе, бірі білмес. Бұл жайлы ел арасында айтылатын аңыз көп.

Көзі тірісінде «әулие» атанып, албан руының ұранына айналған Райымбек жайлы белгілі жазушы Жолдыбай Тұрлыбаевтың романы және Мұқағали Мақатаевтың өмірінің соңғы жылдарында жазған поэмасы бар. Алматы облысындағы Райымбек ауданы және Қарасай ауданындағы Райымбек ауылы батырдың атымен аталады. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы ең алғашқы әрі ең ірі метро бекетіне батырдың есімі берілді. Бабамыздың есімін еншілеген жер-су аттары мұнымен шектелмейді. 310 жылдығынан асып отырған Райымбек батырдың есімі мен ерлігі әлі де ғасырдан-ғасырға асып, өз ұрпағымен бірге жасай бермек.