Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған, нағыз табиғи ұлттық музыкалық аспабы.
Домбыра – сан ғасырлардан бері сырын сақтаған, қазақ даласында кеңінен танымал аспап. Домбыра аспабының негізгі екі түріне байланысты аспапта күй орындаудың екі түрі «төкпе» мен «шертпе» қағыстары қалыптасқан. Сазды күйлер Арқа өңірінде, ал төкпе күйлер батыс аймақтарда кең таралған. Домбыра шертудің «сұқпа» (сұқ және орта саусақпен шертіп ойнау), «жап тақымта» (ішекті бос күйінде қағып, пернені басып отыру), «іліп-қақпай» (ішекті іліп қағу), «теріс қақпай» (жоғары-төмен) деп аталатын түрлері бар.
Домбыра аспабының екі ішекті түрінен басқа үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, шіңкілдек немесе «балақай домбыра» деген түрлері бар екен.
Домбырада халық күйлерін ғана емес, батыс және шығыс классикалық шығармаларын, танымал туындыларын орындайды. Әр түрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқуымызға болады. Өзбек халқының домбыраға өте ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында домбыра туралы айтылады. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі. Оның бастағы түрі мен құрылысы қазақтың домбырасынан аумайды. Осындай аспап аттарының ұқсастығы да олардың түпкі шығу тегі бір екенін көрсетсе керек.
Өткен ғасырда ұлы халық композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан. Бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге нелер бір ғажап күй де шығарған шын мәніндегі өнер иелері болды. Олардың арқасында домбырада тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетілдіріле түсті. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едәуір өрге басып, байи түсті.
Г.Н. Тумарбекова
Жетісу облысы Талдықорған қаласы
Н.Тілендиев атындағы балалар музыка
мектебінің оқытушысы