Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Сыбайлас жемқорлық  — заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.           «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті  барлық мемлекеттік  органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық  қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек.

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша арнайы органдар құрылған. 1997 жылы Қазақстанда ҚР Жоғарғы тәртiптiк кеңесi құрылды, кейiн ол Сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша ҚР Мемлекеттiк комиссиясына қайта құрылды.Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы.  Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы,кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың  дендеуіне септігін тигізуде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке наразы болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Ел болып еңсемізді көтеріп, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылдық. Еліміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар қабылданып, ел экономиясы мен әлеуметтік жағдайы түзелді.  Сондықтан да құрметті өскелең ұрпақ, сіздер әрқашанда адамдық жақсы қасиеттерді сақтай отырып,мақсатты нәтижелерге жету үшін,өз мүмкіншіліктеріңізбен күштеріңізге сеніп,алға қарай ұмтылыңыздар!

Баглан Жапабаев,

«Жетісу облысы білім басқармасының Ескелді ауданы бойынша білім бөлімі» ММ-нің «Жетісу орта мектебі Екпінді, Жеңдік бастауыш мектептерімен» КММ

мектеп директоры