Жат ағымның ағынына ағып кетпейік

Жат ағымдар қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін, мәдениетін жоққа шығарады.

Жат ағымдардың бірі  «Уахабилік» немесе «Сәләфилік» діни ағымы.«Уахабилік» немесе «Сәләфилік» — діни- саяси  ұғым. Бұл ағым XYIII ғасырда  Арабстанның Нәдж өлкесінде пайда болған «Уахабилік» осы мекенде туып өскен әрі өзінің діни көзқарастарын таратқан Мұхаммед ибн Абдул Уахаб деген кісінің есімімен байланысты. Ал, «сәләфилік» Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларының дәуірін қайтару ұғымына жақын. «Сәләф» сөзі «алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны береді. Кейбір ислам ғұламалары мұсылмандардың алдыңғы үш толқынын «сәләфиттер» деп атады. Пайғамбарды көргендер – сахабалар, сахабаларды көргендер- табиғиндер, табиғиндерді көргендер – табаға-абиғиндер деп аталады. Өздерін «сәләфи» деп санайтын мұсылмандар сол сәләфилер сияқты Құран Кәрім мен сүннетке ғана сүйенеміз дейді. Сәләфилер мұсылмандарды Алланың бірлігіне шақыру, ислам дінін хұрафат-бидағат амалдардан тазалау, дінді пайғамбар заманындағыдай қалпына қайтару, араб әлемін біріктіру сияқты мақсаттарды ұранға айналдырып алған.

Сәләфилік көзқарасының негізін қалаған Мұхаммед ибн әл-Уахаб Ханбали мазһабын ұстанған. Ол алғашқы діни білімді өз әкесінен  алды. Кейін Меккеде,Мадинада,Басрада,Бағдадта оқыды. Көп жыл саяхатта болды. Әкесі дүниеден  қайтқаннан кейін өз еліне қайтып, діни жетекші қызметін атқарады.

Араб елдерін  біріктіру деген ұранмен шыққан бұл әрекет көп ұзамай Саудтың туына, кеіннен династияның ресми идеологиясына айналды. Уахабилер әрекеті тарихта қанды іздерін қалдырды. XIX ғасырдың басында олар Мекке, Мадина қалаларындағы барлық қабыр тастарды, тіпті Айша мен Фатиманың және көптеген сахабалардың сағаналарын жермен жексен етті.

Олар тариқат сопыларын мүшрикке шығарды; дінсіздерге, зекет бермейтіндерге және намаз оқымайтындарға қарсы жиһад ашуға рұқсат етті,дүнияуи мәдениет және өнермен айналысуды (музыка,театр, көркемсурет және т.б) кешірілмейтін күнә санады. Ислам әлемі 14 ғасырдан бері мойындап келе жатқан 4 мәзһабты мойындамады. Олар тыйым салған амалдар: Өлгендерге Құран оқу, бағыштау; Мазарларға бару; Тәспі қолдану.

Жат ағымның ағынына ағып кетпейік!

Г.Утельбаева,

Ақын Сара ауылдық округінің бас маманы