Мемлекеттік қызметке азаматтарды іріктеу қалай жүзеге асырылады?

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңына сәйкес (бұдан әрі — Заң) азаматтардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуы конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Конкурстың екі түрі бар: бос лауазым жариялаған мемлекеттік органның қызметшілері қатысуға құқығы бар ішкі конкурс және мемлекеттік қызметшілермен қатар барлық азаматтар қатыса алатын жалпы конкурс.

Тақырыпты тереңірек ашу, сондай-ақ мемлекеттік қызметке іріктеудің ерекшеліктерін егжей-тегжейлі жеткізу үшін ақпараттық мақалада жалпы конкурс туралы баяндалады.

Мемлекеттік қызметке алғаш рет кіруді немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіруді жоспарлаған азаматтар іріктеудің келесідей кезеңдерінен өтеді:

1) мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге арналған тестілеуден өту;

2) жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуден өту;

3) әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға арналған конкурстан өту.

Тестілеу кезеңдерінен азамат өзінің қалауы бойынша күні мен уақытын таңдау жолымен, тестілеу залына бара отырып өтеді. Жетісу облысының тестілеу залы Талдықорған қаласындағы «Рухани жаңғыру» ғимаратында орналасқан. Ал, тестілеуге «egov.kz» үкімет порталы немесе еліміздің кез келген халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну арқылы жазылуға болады.

Келесі қадам – бос лауазымдарды іздеу. Республика бойынша барлық бос лауазымдарға конкурс өткізу туралы хабарландырулар — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурстарында орналастырылады (gov.kz/memleket/entities/qyzmet). Бұл ретте, жұмыс іздеуші осы сайттан бос лауазымға қатысты барлық мәліметтермен таныса алады. Оның ішінде, конкурс өткізетін мемлекеттік органның атауы, лауазымның негізгі функционалдық міндеттері, еңбек ақысының көлемі мен шарттары, біліктілік талаптарына сәйкес конкурсқа қатысушыға қойылатын негізгі талаптар, конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттардың нысаны, конкурс комиссиясының отырысына байқаушылардың қатысуына қатысты ақпарат, конкурс комиссиясының іс-әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану тәртібі туралы ақпарат және т.б.

Белгіленген мерзімде қажетті құжаттарын конкурс өткізетін мемлекеттік органға тапсырғаннан кейін мемлекеттік органның кадр қызметкері конкурс қатысушысының қойылатын біліктілік талаптары мен Заңның 16-бабында көзделген мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігін тексереді және әңгімелесуге жіберу немесе жібермеу туралы шешім қабылдайды. Қабылданған шешім туралы міндетті түрде конкурс қатысушысын хабарландырады.

Егер, қатысушы мемлекеттік қызметке кіру шарттары мен біліктілік талаптарына сай келсе, ол бос лауазымға кандидат атанады және әңгімелесу кезеңіне шақырылады.

Әңгімелесуді мемлекеттік органда құрылған конкурстық комиссия өткізеді, ал оның мақсаты – кандидаттардың кәсіби және жеке қасиеттерін бағалау болып табылады.

Конкурс комиссиясының мүшелері әңгімелесу барысында әдеп нормаларын, әңгімелесуге қатысушыларына құрметпен, сыпайы, әдепті және тілектесттік қарым-қатынасын сақтайды. Әрбір кандидатпен әңгімелесу барысы техникалық бейнежазба құралдарының көмегімен белгіленеді. Сондай-ақ, осы кезеңге конкурс комиссиясы жұмысының ашықтылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына байқаушыларды шақырылады. Бұл ретте, байқаушылар ретінде Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған азаматтарының, оның ішінде уәкілетті орган қызметкерлерінің қатысуына жол беріледі.

Кандидатпен әңгімелесу барысында үміттенген бос лауазымға байланысты сұрақтар қойылады және сұрақтарға берілген жауаптары негізінде комиссия мүшелері бағалайды, конкурстың қорытындысын шығарады.

Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған кандидат лауазымға қабылданады.

Сонымен бірге, Департамент мемлекеттік қызметке түсуді жоспарлап жүрген азаматтарға ыңғайлы болуы үшін барлық ақпарат қамтылған цифрлық платформа әзірледі (https://adgsjetisu.taplink.ws/).

А. Жақсылықова,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті, Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы