АСТЫҚ ОРУ НАУҚАНЫ БАСТАУ АЛДЫ

Ескелділік шаруалар алты жарым мың гектарға егілген күздік дәнді-дақылдарды оруды бастап кетті. Жоспар бойынша себілген күздік бидай мен күздік арпаны жинау Қарабұлақ, Бақтыбай, Ақын Сара, Алдабергенов ауылдық округтерінің шаруа қожалықтарында қарқын алуда. Бүгінгі күнге дейін 5000 гектарға  жуық  күздік  дақылдар  орылып,  11800  тонна  астық бастырылды.

Солардың ішінде Виктор Хильниченконың шаруа қожалығындағы еңбеккерлер егін орағын сапалы ору үстінде. Бұл шаруа қожалығында техника басқарушы болып қызмет ететін Исахан Серікқожаев көктем айы мен жаз айының басы жауын-шашынды болғандықтан бидай жерге бітік шықты дейді. Ылғалдың мол түсуінен гектар түсімділігінен жақсы көрсеткіштерді бағындырамыз деп отыр.

Егістік алқабында жалпы 9 комбайн өнім жинауда. Олардың ішінде алты «Енисей 1200», екі «Вектор 410» және бір «Нова 340» комбайндары егін оруды қыздыра түскен. Ал «Нова 340» комбайны нарықта жаңадан пайда болған екен. Өткен жылы Ресейде сынақтан өткізіліп, биыл елімізге үш түрі жеткізілген. Оның екеуі Атырау облысында болса, біреуі Алматы облысында, яғни біздің шаруалардың игілігіне қызмет етуде.

Осылайша, күзгі дәнді-дақылдарды жинап-теру қызу қарқынмен жүріп жатыр. Шаруаларға астық ору науқаны сәтті жалғассын деп тілейміз.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.