ЛАГЕРЬ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Жазды  достарыңның  ортасында өткізу әлдеқайда қызық. Жыл бойы уақытының көбін мектепте өткізетін оқушылар каникулды сағына күтетіні белгілі. Демалысқа шыққандардың бірі жазғы лагерьлерде демалса, басқалары қала аралап, саяхаттағанды ұнатады. Ал кейбіреулері ауылына ата-әжесінің жанында болуды қалайды.

Қалай десек те, жаз бойы балалардың көзден таса болмай, уақыттарын тиімді өткізуіне тек мектеп қана емес, ата-ана, жалпы қоғам болып атсалысуымыз қажет. Бос уақыт дене және ақыл-ой қызметін тынықтыратын, қуатты жетілдіретін іс-әрекетке жұмсалуы жөн.

Аптаның басында Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясында  мектеп жанынан «Балауса» жазғы сауықтыру лагері ашылды. Оған ұстаздар, лагерьде демалатын балалар мен олардың ата-аналары қатысты.

«Бақытты балалық шақ» атты ашылу салтанатында тілі балдай бүлдіршіндерді, жігерлі ұлдарды және әсем жанды айдай сұлу қыздардың қуанышын бөлісуге, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Назира  Дәуленбекова келіп, салтанатты жиынды өзінің жүрекжарды лебізімен ашты. Ал балалар болса, барлық өнерлерін ортаға салып, мерекенің сәнін келтірді. Олар түрлі әндер мен билерді орындады.

«Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» деп ұлы ақын А.Құнанбаев айтқандай, біз өзіміздің «Балауса» лагерімізде ойнап, ән салып, би билеп, білімімізді шыңдап демалуға шын жүректен тілектеспіз», деп лагерьдің жетекшісі Камила Бектемірова жиынды қорытындылады.

Балалардың жеке қасиеттерін дамыту, тақпақ, өлең, әндерді нақышына келтіріп айтуға үйрету, бір-бірін сыйлауға, адамгершілік қасиеттерін жоғалтпай ұстауға жетелеу мақсатында барша ұстаздар аянбай еңбек ететін болады. Бүлдіршіндер 10 күн ішінде осы сауықтыру лагерінде жазғы демалыстарын сәтті өткізеді деп сенеміз. Демалыс лагерінде 7-11 жас аралықтарында, жалпы толық қамтылған және көпбалалы отбасыларынан 350 бала қамтылып отыр.

Лагерьге  келген  балалар әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, талай-талай танымдық дүниелермен танысады. Жасөспірімдер мен балалардың жаз мезгілінде денсаулықтарының сауықтырылып, өмірлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шығарма-шылықтарын дамытып, өсіру  бүгінгі күннің басты міндеті.

Ақбота ОРАЛБЕКОВА.