ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АУДАНДЫ АРАЛАДЫ

Жақында Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Бағдат Манзоров күні кеше Ескелді ауданына іссапармен келді. Ол ауданның өсіп-өркендену жолында қызмет етіп жатқан аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшыларымен және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысу үшін арнайы келді.

Аудан әкімінің кіші мәжіліс залында өткен кездесу жиынында Бағдат Сайланбайұлы әр аудан әкімі орынбасарларының басшылық ететін салаларының жұмысымен жіті танысты. Бұрындары облысқа қарасты Ақсу мен Көксу аудандарында және Алматы қаласының Алатау ауданында әкімдік қызметтерін атқарған білікті басшы халықтың жалпы әлеуметтік даму жағдайымен жақсы таныс екенін айтты. Оған қоса, білім саласына айрықша көңіл бөлетіндігін растады. Сонымен қатар, Бағдат Сайланбайұлы туындап жатқан проблемалық жағдаяттарды өзіне тікелей хабарлауды сұрады. Бөлім басшыларына әрбір мәселенің түйінді шешімін табуға болатындығын айтып, кез келген іске үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Ауданның тыныс-тіршілігімен толық танысу мақсатында облыс әкімінің орынбасары бірнеше объектілерді аралады. Жұмыс тобының арнайы сапарын аудан әкімі Рауан Рақымбеков, аудандық мәслихат хатшысы Қуат Алпысбаев және аудан әкімінің орынбасары Ермек Әпеков бастап жүрді.

Алдымен ат басын тоқтап тұрған Қарабұлақ қант зауытына бұрды. Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов алдағы жылдары іске қосылатын зауыттың болашағының зор екенін айтып, биылдан бастап қант қызылшасын қабылдайтын алаңды аралатты. Бірнеше жыл бұрын Тұңғыш Президент Алматы облысына жасаған іссапарында облысқа «қант қызылшасының орталығы» деген атағын қайтару керектігін атап өтіп, арнайы тапсырмалар жүктеген болатын. Келер жылдардың еншісінде бұл зауыт та қайта іске қосылып, Елбасының тапсырмасы то-лығымен орындалады. Өз кезегінде Бағдат Сайланбайұлы жазыққа төгетін қызылшаның аумағын тез арада реттестіруін тапсырды.

Келесі кезекте екі жыл бұрын ашылған Қора су электр стансасына сапарын жалғастырды. Жалпы қуаттылығы 25 МВт құрайтын бұл жер қайта қалпына келтірілген қуат көздерінің ішінде қуаттылығы жағынан Мойнақ СЭС-інен кейінгі екінші орында. Сонымен қатар, Шажа өзенінде салынып жатқан су электр стансасының құры-лысымен, жұмыс барысымен танысты. Қора СЭС-інің директоры Павел Сычев құрылыс аяқталған соң судан өндірілген энергия аймақтың қуатқа деген сұранысын өтейтін болатынын айтты.

Бұдан соң Б.Манзоров Екпінді ауылында орналасқан «Тау Жетісу» туристік-спорттық комплексін көруге барды. Комплекстің директоры Игорь Виршки демалыс аймағын салудағы алғашқы қадамынан бастап айтып, аумақтың барлық нысандарын аралатты. Ол өзінің облыстық экстремалды спорт федерациясының жетекшісі екенін және жақында парапланерлік спорт түрінен Әлем кубогінің өткендігін хабарлады.

Атқарылып жатқан істерге ризашылығын білдірген облыс әкімінің орынбасары Б.Манзоров аудан әкімі Р.Рақымбековке табысты еңбек тіледі. Халықтың жағдайын жасаса, халық та барлығына түсіністікпен қарайтынына сенімді Бағдат Сайланбайұлы барлық жұмыстарға өзінің оң бағасын берді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.