АУДАН ҚАЛАМГЕРЛЕРІНІҢ КІТАПТАРЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Бабалар аманатынан ғасырлар бойы үзілмей жатқан асыл дүниенің бірі – кітап. Бүгінде бұл асыл қазына ескерілмей жатыр, қолданысқа басқа заманауи құрылғылар көп қолданылады десек, қатты қателесуіміз бек кәміл. Интернет пен әлеуметтік желінің бұғауында оралып жүрген жастарымыз кітап оқуды ұмытпайды. Тіптен қолдарына қалам мен қағаз алып, поэзия мен прозадан үзік-үзік сыр шертеді, оларды жанына медеу қылып, ақылы мен ойын қолтығына берік қысады.

Сондай талапты да талантты қаламгерлерді аға ұрпақ өкілдері үнемі қолдап, қолпаштап жүрсе қандай ғанибет! Ал мекемелер мен қоғам қайраткерлері ден қойып, көңіл бөлсе, әңгіменің жөні тіптен бөлек.

Жақында Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасымен 41 қаламгердің кітаптарының тұсауы кесілді. Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтің қатысуымен өткен игі шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасы ұйымдастырды.

Тұсаукесер рәсіміне аймақ-тағы еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар және басқа да танымал тұлғалар қатысты. Қалам иелерін арнайы құттықтауға келген Ақан Жылқышыбайұлы:

– Бүгінгі оқырманға жол тартып отырған жаңа басылымдардың барлығы облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жарық көріп отыр. Соның тең жарымы ертеңінен үлкен үміт күттіріп отырған жастардікі. Олардың арасында аймағымыздың мақтанышына айналған өткір ой, шұрайлы тілмен бүкіл елімізге танымал бола бастаған небір үздіктер бар. Сондықтан жалпы қаламгерлердің қаламына қарым, өздеріне ерекше дарын тілейміз, – дей келе, жиналған қаламгерлермен кітаптардың лентасын қиды.

Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен аймағымыздың ақын-жазушыларының 37 кітабы жарық көрді. Ал биылғы жылдың алғашқы жартысында 41 кітап баспадан шығып отыр. «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасының бір ерекшелігі 20 жас қаламгер жинағының жарық көруі және оның ішінде 18 автордың тұңғыш кітабының оқырманға жол тартуы болып отыр.

Бұл саңлақтардың арасында киелі Ескелді бабамыздың жерінен түлеп шыққан қаламгерлер бар. Олар – газет бетінде есімдерімен қатар туындылары жиі жарқырайтын Мағрипа Сандуғаш, Айман Кәріпбаева және Салтанат Құмархан.

Мағрипа САНДУҒАШТЫҢ есімін естігендер оның жан дүниесін жарып шыққан нәзік жырларымен жақсы таныс. Мағрипаның өлеңдеріндегі асқақ патриотизм туған өлкені шексіз сүюге үндесе, махаббат туралы жырлары тұнық сезімнің сырларына еріксіз жетелейді.

Ақынның «БАЛАУСА СЕЗІМ» деген атпен тұңғыш рет жарыққа шыққан жыр жинағында арнау жырлар, өлеңдер мен әзіл айтыстар топтастырылған. Жыр сүйер қауым осы еңбектен өзіне қажеттісін тауып алады.

Мағрипа аудандық, облыстық, тіптен республикалық жыр мүшәйраларында оза шауып жүрген нәзік жанды ақындардың бірі. Көп жыл бойы аудандық газеттің шамшырағы болды, бүгінде аудандық кітапханаға қызметін ауыстырды. Қазір үш баланы әдемі жырларымен тәрбиелеп отырған ана.

Айман КӘРІПБАЕВА ұлы мамандық – ұстаздық жолын таңдаған жан. Оның туған жерге арнаған кең көлемді жырлары осы уақытқа дейін өзге ақындармен бірлесіп шығарған жинақтарға топтастырылған. Сонымен қатар, Айман Сапатайқызы қазірде кенже қалып келе жатқан балалар әдебиетін дамытып жүр. Ол балаларға арнап ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, өтірік өлең, тақпақ жазуға әуес. Балаларға деген сүйіспеншілігін сиқырлы, ғажайып әлеммен осындай туындылары арқылы тәрбиелейді.

Облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шығып отырған «40 ЕРТЕГІ» атты кітабы өсіп келе жатқан жас ұрпаққа қызықты да әсерлі жинақ. Әрбір туындының тәрбиелік мәні бар. Салт-дәстүрді байланыстырып, балаларға қазақтың рухани құндылығын ертегі кейіпкерлері арқылы ұқтыруға тырысады. Тереңінен ой толғайтын тілге жеңіл шығармалардың жас буын үшін маңызы зор.

Салтанат ҚҰМАРХАН есімді хас талантты, сегіз қырлы, бір сырлы ақынды білмейтін адам кемде-кем десек, қателеспейтін болармыз. Жігітке жеті өнер де аз демекші, Салтанаттың ақындық өнерінен басқа әншілік, асабалық және сурет түсірумен айналысатын қырлары тағы бар. Ақын қалалық «Талдықорған», аудандық «Жетісу шұғыласы» газеттерінде бірнеше жыл тер төгіп, еңбек еткен.

Ал жиі өткізілетін әдеби кештер мен салиқалы отырыстар қырағы ақынның қатысуынсыз өтпейді. Жырларымен ғана емес, өзінің жүректен шыққан өлең оқудағы мәнерлігі мен шеберлігінің арқасында  көпшілікті баурап алып үлгерді. Оның аудандық, облыстық, республикалық жыр мүшәйраларында жүлделі орындарды да жібермей жүргенін ұмытпасқа болмайды.

«ҚАНАТ ҚАҚҚАНДА» атауымен шығып отырған бұл туындысында сөз патшасы – өлеңнің құдіреттілігі ерекше сезіледі. Оның әрбір өлеңінде терең ой, ұшқыр да өткір қолданыс, лирикалық тереңдік байқалады. Оның өлең жазудағы қырағылығы әр шумақтарда берілген. Өлеңнің мән-мағынасын түсінбейтін кез келген оқырман Салтанаттың жырларынан соң поэзияға өзгеше көзқараспен қарауы ықтимал. Көріктігімен көзге түсер жыр жинағының ішіне міндетті түрде үңілейік.

Республика бойынша ешбір облыс бастамаған осындай келелі игі іске әрбір қаламгер, әрбір оқырман ерекше риза болып отыр. Қаламгерлердің мәртебесін бір шарықтатып отырған, игі бастамаға мұрындық болған бар жақсыларға алғысымызды білдіреміз. Ескелді ауданының мерейін өсіріп жүрген осы шеберлерімізге жанарлары жарқын, ойлары жүйрік болсын дейміз. Алдарынан көрінген жарық сәуле ізімен биіктерге көтеріле беріңіздер!

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.