МАМАН КЕҢЕСІ МАҢЫЗДЫ

Отбасы – шағын мемлекет. Демек, ол – үлкен мемлекеттің тұғыры, діңі, фундаменті. Отбасы – адамның өте маңызды, жауапты жанұясы. Себебі, отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкеледі.

Жүсіпбек Аймауытұлының «Неге неке бекем емес?» деген мақаласы өткен ғасырдың аяғында Ақыл есімді бүркеншек атпен танымал газет басылымдардың бірінде жарияланған болатын: «Жастар үйленуді, күйеуге тиюді жеңіл-желпі жұмыс көреді. Аз күн таныс болса, титтей көңілі ауып кетсе, қосыла кетеді. Бірер жұма өткен соң айырылып кетеді. Неге? Үйленуге екеуі де әлі жетпеген. Сырлас боп жете таныса алмаған. Ақыл-оймен емес, қызу үстінде жүректің айдауымен кеткен, бірінің мінін бірі көре алмаған. Қызу басылған соң, тұрмыстың олқылы-толқылы жұмыстары қолға алынған соң екеуінің үйлесе алмайтын кезеңдері көбейгенде жөніне тартып отырған. Бүйтіп үйленуге болмайды. Мұны тастау керек, мұндаймен алысу керек» деп тереңінен ой толғайды. Жүсіпбек ағамыздың толғандырған мәселесі бүгінгі күні де өзекті тақырыптардың бірі болып тұр.

Шынымен де, қазіргі таңда да қазақ қоғамында әлеуметтік түйткілді проблемалардың бірі ажырасу мәселелері екені жасырын емес. Ең қиыны, жыл өткен сайын ажырасу көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Ұзақ жылдар бойы жақын араласып, бірін-бірі жақын таныған жастар, отбасылық қиыншылықтарға кезіккенде төзімсіз болып келеді. Бүгін жастардың отбасын құруға әзір болуы өте қажетті мәселе. Олар үйленіп, тұрмысқа шықпас бұрын жақсылап ойлануы қажет. Бір көңіл қуантарлығы, биылдан бастап жастар ресурстық орталығында арнайы психолог маман жұмыс істейді. Аяқтарын аңдамай басқан жастар үшін психолог маман Арайлым Көшемісова отбасын құруға ниеттенген жастарға көмегін көрсетуде.

Жақында Ескелді ауданының жастар ресурстық орталығының психолог маманы Арайлым Мұхтарханқызы аудандық сот өкілдерімен бірге ажырасудың алдын алу бойынша жастармен кездесу өткізді.

Жиын барысында екі жақ тарап жастарға негізгі мәселе бойынша ажырасудың себептерін анықтау керек екені туралы айтып, оларға сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, ажырасудың басты себептері тұрмыстық зомбылық, ер немесе әйелдің ішімдікке салынуы, есірткіге салынуы, күйеуі немесе әйелдің жұмыссыз болуы, жұбайлардың өмірге деген көзқарастарының сәйкес келмеуі, күйеуі не әйелінің некеге дейін бірін-бірі ұнатпағаны, некеден кейін де ұната алмағаны, көзге шөп салу, материалдық қиындықтар және аз жағдайда бедеулік екенін анықтады. Маман өз тарапынан жастарға ақылын айтып, қиын жағдайларда мүмкіндігінше отбасылық психологқа келулері керектігін айтты.

Әрбір үйдің сыры басқа демекші, әр отбасының ажырасу себептері де әртүрлі болады. Яғни біздің тізіп көрсеткен себеп-салдарымыздан да басқа нәрселер ажырасуға итермелуі мүмкін. Сондықтан жастар қауымы жеті рет өлшеп, бір рет кесу керектігін назарға алса екен. Ал психологтар тарапынан көптеген ауқымды жұмыстар жасалып жатыр.

Ақбота ОРАЛБЕКОВА.