“Жайдарман — 2018” ойыны өткізілді

Елімізде жалынды жастардың басын қосатын «Жайдарман» ойыны  қарқынды дамып келе жатқаны рас. «Жайдарман» ойыны – жастарды тәрбиелеп қана қоймай, қоғамдағы келелі мәселелерді астарлы әзілмен жеткізу бағытында  ұйымдастырылып жүрген іс-шаралардың бірі. Аталған іс-шара  ауданымызда да өз жалғасын табуда.

Ескелді ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен, аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті, «Ескелді ауданының жастар ресурстық орталығының» қолдауымен 16 мамырда Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназия базасында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласын қолдау мақсатында «Ескелді ауданының білім бөлімінің кубогы – 2018» атты аудандық «Жайдарман» ойыны өткізілді. Мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, көңілділер мен тапқырлар клубы қозғалысын дамыту, жас мамандарды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды насихаттау болып табылады.

Ойынға ауданымыздың мектептерінен Б.Жолбарысұлы атындағы орта мектебінің «Бақтыбай жұлдыздары», Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының «Бес саусақ», Титов атындағы орта мектебінің «Сәттілік», Ж.Жақыпбаев атындағы орта мектебінің «Жақып-баев жастары», Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің (Ақын Сара ауылы) «Болашақ» командалары  қатысты.

Ойын нәтижесінде І орынды Б.Жолбарысұлы атындағы орта мектебінің «Бақтыбай жұлдыздары», ІІ орынды Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының «Бес саусақ», ІІІ орынды Ж.Жақыпбаев атындағы орта мектебінің «Жақыпбаев жастары» командалары иеленді. Жеңімпаздар мақтау қағазымен  және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Ойынға қатысқан барлық командалар көрермен көңілінен шыға білді. «Болашағын бүгіннен бастаған» ауданымыздың көңілді, жалынды, білімді жастары биіктерден көріне берсін деген тілектеміз.

Б. Алимгазина,

аудандық білім бөлімінің әдіскері.