“АУЫЛЫМ — АЛТЫН БЕСІГІМ” БАЙҚАУЫ ӨТКІЗІЛДІ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру мақсатында, облыс көлемінде өткізіліп жатқан «Ауылым – алтын бесігім» атты байқау ауылдық Мәдениет үйлері арасында өткізіліп жатыр. Жуырда біздің ауданымызда, яғни Алдабергенов және Жетісу ауылдық Мәдениет үйлерінде өтті.

Байқауға облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Г.Абсейітова, облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары А.Сабитова, облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының аспапшы әртісі А.Құдайбергенов, «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Г.Оспановалар қазылық жасады.

Байқау алдымен Алдабергенов ауылында басталды. Облыс орталығынан келген әділқазылар алқасы мүшелерін Алдабергенов ауылдық округі әкімі Т.Мүсәпіров, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Ерғалиева, аудандық Мәдениет үйінің директоры Қ.Оспанов және ауылдың әжелері шашуын шашып қарсы алды. Н.Алдабергенов ауылының тұрғыны, «Бәйтеректі ордам – басты ордам» атты облыстық жыршылар байқауының жүлдегері, жас талантты ақын-жыршы Дидар Өмірәлі қонақтарға арнап өзінің арнауын тарту етті. Іс-шара Алдабергенов ауылындағы батырлар аллеясына гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталды. Келесі кезекте ауыл тұрғындары мен қонақтар Н.Алдабергенов мемориалды музейін тамашалады. Мереке Алдабергенов ауылдық Мәдениет үйінде жалғасты. Арнайы келген қонақтарды алдыменен ауылдың әжелер ансамблі ән-шашуымен қарсы алды. Әділқазылар мүшелері Мәдениет үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, іс-қағаздарына шолу жасады. Одан кейін ауылдық кітапханада өткізілген Н.Алдабергеновтың шәкірті, Алматы облысы және Ескелді ауданының Құрметті азаматы, ауыл тұрғыны Шайбала Тергеуованың «Тарихқа тағзым» атты кітабының тұсаукесерін тамашалады.

Іс-шара Алдабергенов ауылдық Мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Концерттік бағдарлама ауыл тұрғындарының, Көксу ауылшаруашылығы колледжінің студенттерінің қатысуымен өткізілді.

Түс ауа байқау Жетісу ауылында жалғасын тапты.  Қонақтарды Жетісу ауылының әкімі Қ.Сатанов, ауылдық Мәдениет үйінің директоры Қ.Әбілқасымов және ауылдық әжелер ансамблі шашуларымен қарсы алды. Қонақтарға арнап ауылдың жас өнерпаз ақыны, облыстық байқаулардың жеңімпазы Дәуен Алғысбек жыр шумақтарын арнады. Әділқазы мүшелері ауылдық Мәдениет үйінің іс-қағаздарымен танысып, үйірме жұмыстарын тексерді. Қонақтар Жетісу ауылдық кітапханасы дайындаған «Елін сүйген адамның рухы өрде, орны төрде» атты ауыл тұрғындары Түкібаевтар отбасымен кездесу кешін тамашалап болғаннан кейін Мәдениет үйі қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Байқауға қос ауылдың тұрғындары айтарлықтай өз үлестерін қосты.

Б. Ерғалиева,

мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.