АУДАНҒА ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Апта басында Ескелді ауданының әкімі лауазымына Президент әкімшілігінің  келісімімен және жергілікті мәслихаттың қолдауымен жаңа өңір басшысы тағайындалды. Ауданның актив жиналысына облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, бұрынғы әкім Бағлан Тәнекеновті атқарқан жұмысына орай Құрмет грамотасымен марапаттап, ал жаңа басшыға ауқымды міндеттерді жүктеді.

Ескелді ауданының 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін аудан әкімі қызметін атқарған Бағлан Сағындықұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Оны облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы растады:

– Бағлан Сағындықұлы Ескелді ауданына әкім болып тағайындалғаннан бастап көптеген жұмыстарды атқарды. Оның ішінде ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері бірнеше есеге артқанын көре аламыз. Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына Бағлан Сағындықұлы Тәнекенов сияқты мықты мамандар керек. Сол үшін де өзінің бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды дұрыс деп таптым. Ал Қаратал ауданында табысты еңбек етіп келе жатқан Рауан Тұрданғазыұлы киелі Ескелді ауданында келелі жұмыстарын жалғастырады деген сенімдемін, – деді.

Сөз кезегін алған Б.Тәнекенов облыс басшылығы мен аудан жұртшылығына көрсеткен қолдаулары үшін алғысын білдіріп, өзіне артылған сенімге селкеу түсірмей, жүктелген міндеттерді тиянақты орындауға бар күш-жігерін жұмсайтынына сендірді. Жаңа басшы Р.Рақымбеков халықпен етене жақын араласып, жұртшылықтың игілігі үшін аянбай еңбек етіп, бар күш-жігерімді саламын деп уәде берді.

Аудан жұртшылығы атынан сөз алған қоғамдық кеңестің мүшесі Қалабек Тастанбаев пен «Хильниченко и К» КС-нің төрағасы Виктор Хильниченко Бағлан Сағындықұлына зор алғыстарын білдіріп, өз тараптарынан жаңа басшыға демеу болатындықтарын айтты.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Амандық Баталов Ескелді ауданының жаңа әкімінің алдына бірқатар жаңа тапсырмалар беріп, аудан жұртшылығының қолдауымен Президент Қ.К.Тоқаевтың міндеттерін сапалы жүзеге асыратынына сенімін білдірді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.