ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНДІ

Маусым айының аяғында Қарабұлақ ауылындағы үйлердің бірінде шыққан өрттен үш баланы құтқарып қалған Алмас есімді батыр жігіт естеріңізде болар.

Өткен аптаның соңына таман Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Алмас Ризабековті қабылдағанын әлеуметтік парақшасында оқырмандарымен бөлісті: «Бүгін Алмас Ризабековті қабылдадым. Жуырда бұл жігіт үш баланы өрттен аман алып қалған болатын. Ерлігі үшін алғысымды айтып, құрмет білдірдім. Алмастың ер мінезі барлығымызға өнеге. Осындай баланы тәрбиелеген ата-анасына да рақмет. Әңгіме барысында Алмасқа білім жолын жалғастыру қажеттігін алға тартып, өз кеңесімді бердім», — деді.

Көктемде дәл осындай жағдай Талдықорған қаласында да орын алған, яғни жанып жатқан көпқабатты үйден кішкентай бүлдіршінді құтқарған Арман есімді батырды өңір басшысы жеке қабылдап, сый-сияпатын көрсеткен болатын. Облыс басшысы халық арасынан шыққан осындай батырларды тысқары қалдырмай, марапат биігіне шығаратыны қуантады.

Ақбота ОРАЛБЕКОВА.