Күні бүгінге дейін әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен сыршыл шертпе күйлер қазақтың табиғатын танытады. Домбыра өнері мыңдаған жылдар бойы осынау қазақ ұлтының ұйытқысы, дамытушысы қызметінен еш төмендемей, керісінше дамып келеді.
2018 жылы Қазақстан Рес-публикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарғысымен шілде айының алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып бекітілген. Содан бері көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Осы-ған орай, шілде айының алғашқы жексенбісінде, яғни Ұлттық домбыра күнінде аудандық ауруханада дүниеге келген сәби мен оның анасына сый-құрмет көрсетілді. Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бимұрат Боранбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асхат Оразалинов, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Серік Жолдыбаев және дін істері орталығының инспекторы Айдос Исаев есігін жаңадан ашқан нәрестеге болашақта еліміздің нағыз азаматы болсын деп қазақтың киелі домбырасын тарту етті.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» деп дана халқымыз айтпақшы, қазақ халқы домбыраны салт-дәстүрлерімен тығыз байланыста ұстаған. Мысалы, келіннің бетін қасиетті қара домбырамен ғана ашқан. Халық ауыз әдебиетіндегі кез келген тұрмыс-салт жырлары домбыраның сүйемелденуінсіз өтпеген. Сондықтан да қазақ әнге құмар халық. Біреу қолына домбыра ұстап, ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай, жанын жағасына келтіреді. Күмбірлеген дауысымен домбыра рух сүйегіне сіңіп отыр.
Көмейінен күмбірлі күй төгілген қасиетті қазақтың аспабы, міне, енді дәстүрлі түрде жыл сайын ұлттық деңгейде аталып өтілетін болады. Оған қоса, біздің аудан жыл сайын мерекеде туылған нәрестелерге домбыра сыйлау дәстүрін жалғастыра береді.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.