24 КӘСІПКЕР СЕРТИФИКАТ АЛДЫ

Кәсіпкерлік негіздерін оқытатын «Бастау Бизнес» жоба-сының басты мақсаты – кәсіпкерлікке баулу арқылы жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтыған халықтың экономикалық белсенділігін көтеру. Бұл жоба тұсауын кескен уақыттан бастап мыңдаған азаматтарға өздерінің сүйікті ісімен айналысуына жол ашып, жұмыссыздықтың деңгейін едәуір азайтты.

Жыл басынан Ескелді ауданында бүгінгі уақытқа дейін «Бастау» жобасы бойынша үш ағымда 49 адам сертификат алған болатын. Оның 2-еуі (4 млн. және 2 млн.) несие және 3 адам грант (әрқайсысы 100 МРП көлемінде) жеңіп алып, өз ісін бастап кетті. Ал қалған білімгерлер өздері қорғаған жобаның жұмыстарын пысықтап жүр. Алдағы уақытта олар да несие алғандар мен мемлекеттік грант ұтып алғандардың қатарын толықтырады. Мысалы, өткен жылы курстан өткендердің 7-еуі биыл несиеге, ал тағы 7-еуі мемлекеттік грантқа қол жеткізіп отыр.

6 маусым мен 5 шілде аралығында өткен кезекті, яғни үшінші ағымның білімгерлері түрлі саланың тізгінін қолға ұстаған. Атап айтқанда, олардың арасында құс өсіру мен мал шаруашылығы, туризм, қымыз даярлау, аспаздық ісі, дүкен және техникалық жөндеу орталығын ашамын деген кәсіпкерлер бір ай бойы оқып, бизнес-жоспарларын даярлады. Бизнес табалдырығын аттауға сәл қалған білімгерлерге алғашқы күннен бастап бизнес-жаттықтырушы Жандос Супабеков, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Әбен Тайжанов және аудандық палата филиалының үйлестірушісі Екатерина Молдахметова кәсіпкерліктің қыр-сырын толықтай үйретті.

Бизнес-жобаларын қорғау сәтінде білімгерлер өздерінің о бастағы мақсат-міндеттерін айқындап алғанын көрсетіп, қолға алмақшы кәсіптерінің маңыздылығын түсіндіре алды. Соның нәтижесінде, 24 кәсіпкерге курсты сәтті аяқтағандарына сертификат беріліп, бизнес әлеміне енулеріне жол ашылды. Өз кезегінде «Бастау Бизнес» жобасының білімгерлері өздерінің тәлімгерлеріне Алғыс хат дайындап, ақ тілектерін жаудырды.

Жыл соңына дейін кәсіпкерлік негіздерін оқыту бойынша аталмыш жоба аясында оқыту ұйымдастырылады. Оның қатарына «Жас кәсіпкер» бағдарламасы да қосылады. Өз бизнесін бастаймын деген кез келген азаматқа аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының есігі әрдайым ашық.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.