ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Елбасының бастамасымен елімізде екінші жыл тойланып жатқан Ұлттық домбыра күні аудандық Мәдениет үйінде салтанатты түрде мерекеленді.

Шілде айының алғашқы жексенбісі ұлттық өнеріміздің керемет әспеттеліп, дәріптелген күніне дәстүрлі түрде еніп отыр. Биыл облыс аумағында да бұл ұлттық мейрам ерекше аталып өтті. «Домбыра – дала дауысы» атты шарада тәулік бойы қазақтың 500-ден астам туындыларын тоқтаусыз облысқа қарасты аудандардан келген өнерпаздар орындады. Жетісулықтар Қазақстанның рекордтар кітабына еніп, арнайы сертификаттармен марапатталды. Оған біздің ауданнан Е.Әбілев, С.Шыныбаев, Б.Серікбай, Б.Байғарашева және М.Ахмет есімді өнерпаздар қатысты.

7 шілде күні аудандық Мәдениет үйінің алдында думанды жыр кеші өтті. Қазақы сәнді, ұлттық киімдерді иықтарына асынған өнерпаздар ұлттық аспаптардың сүйемелденуімен концерттік бағдарлама қойды. Мектеп оқушыларынан құралған би топтары заманауи флешмоб биімен мерекелік концерттің көркін келтірді.

Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі мен бітім-болмысы. Рухымызды, тарихымызды, салт-дәстүрімізді сақтап, келер ұрпаққа жеткізу үшіне атаулы мерекенің маңызы зор.

З. ЖҰМАБЕКОВА.